Маңғыстаудағы газ бағасы: Qazaq Oil мәлімдеме жасады

Cұйытылған газ құны көтерілгеннен кейін де Qazaq Oil жанармай құю станциясы желісі жанармай бағасын Жаңаөзенде 65 теңге және облыстың өзге қалаларында сату көлемін шектемей 79 теңге деңгейінде сақтап қалғанын хабарлады.

Сұйытылған газға сұраныстың күрт өсуіне қарамастан, Qazaq Oil корпоративтік клиенттер алдында өз міндетін толық орындайды, яғни газды талондар мен отын карталары арқылы белгіленген баға шеңберінде өткізеді. Қордың шектеулі болуына байланысты жеке тұлғаларға лимиттер енгізілуі мүмкін, — делінген хабарламада.

Компания мәліметінше, 10-12 қаңтардан кейін 85-90 теңгеге жанармайдың қосымша көлемін жеткізу және сұйытылған газды шектеусіз беру жоспарланып отыр.

Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасын төмендету туралы талабымен көшеге шықты. Кейін акция Ақтау көшелерінде де тіркелді. Митингіге шыққандар жолды жапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға үн қатып, Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Twitter-дегі парақшасында шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс екенін де жазды.

Үкімет газ бағасын 85-90 теңгеге дейін төмендететінін мәлімдеді.