Алматыда балабақшалардың жұмысы тексеріледі

Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық басқарма және аудандық білім бөлімдерінің, балабақша, мектеп басшылары қатысты.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров білім басқармасының басшысына білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың алдын алу, анықтау және оған назар аудару бойынша ұйымдастырушылық-басқару шараларын әзірлеп, ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізуді тапсырды.

Ол бұл шаралар мектеп пен балабақша басшылығы мен педагогикалық ұжымының ата-ана, балалар, жоғары тұрған органдармен және балалардың құқығын қорғау жөніндегі ұйымдармен, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта жүргізілуі қажет екенін айтты.

Қаланың барлық білім беру мекемелерінің басшысы ұйымдардың орналасқан жері мен аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар білім беру ұйымының әлеуметтік-психологиялық ахуалына талдау жасап, зорлық-зомбылыққа қатысты басшылық, педагогикалық ұжым, білім алушылар мен ата-ананың ортақ құжатын әзірлеу қажет, — деді Алматы әкімінің орынбасары.

Ол нормативтік құжаттарды, мінез-құлық ережелерін, лауазымдық нұсқаулықты, іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді және қабылдауды, зорлық-зомбылықтың алдын алуға, анықтауға жауаптыларды тағайындауды тапсырды.

Оның айтуынша, білім басқармасы білім беру мекемелерінің жайлы болуын, инклюзивті және қауіпсіздік деңгейіне тұрақты түрде бақылау жүргізуге тиіс.

Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқығын қорғау мәселесінде аудан әкімдері орынбасарларының, білім басқармасы қызметкерлерінің, аудандық білім бөлімдері басшыларының және білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін күшейту тапсырылды.

  • Бұған дейін Алматыда бейнебақылау камераларына түсіп қалған балабақша тәрбиешісінің әрекеті Қазнет қолданушыларын ашуландырғаны хабарланған еді. Осы оқиғадан соң тәрбиеші бап бойынша жұмыстан шығарылғаны айтылды.
  • Кейін Алматыда балабақшада балаларды ұрып-соқты деген тәрбиеші өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Ақпаратты қалалық полиция басқармасы бұл ақпаратты растады. Құқық қорғау органдары әйелдің асылып қалғанын, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын мәлімдеді.