— Huawei десе, көп адамның есіне гаджеттер түседі. Компания қоғамға бұдан басқа не ұсынады?

— Ең әуелі Huawei Technologies дүниежүзілік компания екенін айта кеткен жөн. 1998 жылы Huawei өкілдері Қазақстанға келіп, елдің нарығын, телекоммуникациясын және жер аумағын зерттей келе, компания өкілдігін ашуды жөн көрді.

Негізі компания 5 бағытты жүргізіп келеді. Соның үшеуін Қазақстанда жүзеге асырып отыр. Жеке тоқталатын болсақ, бірінші бағыт — Carier Network bussines group. Ол — тек байланыс операторларымен жұмыс істейтін департамент. Мысалы, біздің елде барлық аймаққа байланыс тарататын Қазақтелеком, Beeline, Altel, Tele2, Kcell секілді операторлар бар. Біздің компания осындай ұйымдарды құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, инженерлеріміз қондырып береді. Қазақстандағы бес оператордың құрал-жабдығының көпшілігін Huawei инженерлері жасайды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сонымен бірге «Цифрлы Қазақстан — 2020», «Цифрлы Қазақстан — 2030» мемлекеттік жобасы шеңберінде «50+», «150+» деп аталатын жобаларды жүзеге асыруға үлес қосамыз.

Екінші бағыт — Enterprise Business Group (EBG). Бұл бойынша компания түрлі министрлік, ірі кәсіпорын, компанияларға жұмысты автоматизациялауға көмектеседі.

Үшінші бағыт — Сustomer bussines group (CBG). Бұл бағытта компания ақтық тұтынушымен, яғни гаджет, ноутбук, құлаққап, сағат сияқты компания өнімін сатып алып, пайдаланатын адаммен тікелей байланыс орнатады.

Төртінші бағыт — Цифрлыэкономика. Күн, су энергиясын пайдалану арқылы технологияларды дамытуды мақсат етеді. 2022 жылдан бастап Huawei Technologies компаниясының даму векторы, қызметтері цифрлы экономиканы қамтуды жоспарлап отыр.

Бесінші бағыт — бұлтты технология.

— Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы Huawei миссиясы қандай?

— Өзіңіз атап өткендей, көп адам «Huawei гаджеттерді ғана сататын компания» деген жаңсақ пікірде. Біздің компанияның негізгі идеологиясы — халықтың, әр қазақстандықтың өмірін жаңа, озық технологиялар арқылы жақсарту, жеңілдету. Әлем жақын әрі жақсы болу үшін әр үйді, әр отбасыны цифрландыруды мақсат етеміз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Huawei Technologies және оның Қазақтелеком, Билайн, Altel, Tele2, Kcell сияқты серіктестерімен бірлескен жобалары жайлы естідік. Сіздің ойыңызша, қай жобалар маңызды және алдағы жоспарлар қандай?

— Біз үшін барлығы маңызды. Себебі бұл операторлардың аудиториясы — қазақстандықтар. Біз бір операторға қарағанда екіншісі маңыздырақ десек, Қазақстан азаматтарын бөлген боламыз. Қазір кез келген адам өмірінің 80-90%-і интернетпен байланысты. Сондықтан Huawei компаниясының мақсаты — осындай операторлармен бірлесе отырып, азаматтардың байланысын жақсарту арқылы өмір сапасын арттыру.

Дәл осы компаниялармен бірге Қазақстанда 5G-ді дамытатын боламыз. Мәселен, Қазақтелекоммен Түркістанда, Шымкентте, Теле2-мен Алматыда 5G-дің демо, промо жобасын орнаттық. Келешекте мемлекет 5G орнатуға жиілік, коммерцияға рұқсат берсе, байланыс операторларымен бірге дамыту жоспарымыз бар.

— Huawei Technologies-тің нарықтағы негізгі клиенттері кім?

— Компания клиенттері мен серіктестеріне сенім артады. Олар үшін құнды инновация өнімдерін дайындаймыз. Сонымен бірге еңбекқор және адал әріптестерімізге де сенеміз. Huawei-де қызметкер қаншалық еңбектенсе, соншалық табыс алады. Біз үлкен экожүйені құру үшін әлем бойынша түрлі серіктес, сала ұйымдары, ашық бастапқы коды бар қауымдастықтар, университеттер және зерттеу институттары сияқты көптеген мүдделі тараппен жұмыс істейміз.

Осылайша технологияның дамуына, жалпы саланың дамуына үлес қоса аламыз. Біз жергілікті аудитория үшін жұмыс мүмкіндіктерін жасаймыз, салық төлейміз және өкілдігіміз бар елдердегі барлық қолданыстағы заң мен ережелерні сақтаймыз. Сондай-ақ жергілікті өнеркәсіптерге цифрлы жүйеге көшуге және үкіметтермен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, басқа да мүдделі тараптармен ашық араласуға көмектесеміз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазіргі таңда Huawei компаниясының негізгі клиенттері — Қазақтелеком, Beеline, Altel, Tele2, Kcell байланыс операторлары, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Сыртқы және ішкі істер министрлігі, Beineu-Shymkent, Самұрық Қазына ұлттық компаниясы және тағы да басқа ұйымдар.

— Жақында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Huawei Technologies арасында меморандумға қол қойылды. Бұл компанияға не береді?

— Құжат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты, атап айтқанда экономиканың түрлі секторын цифрландыруды дамытуға, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды нығайтуға және Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға бағытталған. Меморандум елдегі шалғай жерлерде жылдам, қолжетімді желіні қолданысқа енгізу үшін шара қабылдауға, жаңа технологиялар мен шешімдерді пайдалана отырып, Цифрлық Жібек жолының коммуникациялық инфрақұрылымын бірлесіп дамыту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға, білім беру модульдері, дарынды жастарға арналған АКТ бағдарламалар ұйымдастыруға, ғылыми кеңес беру және мамандарды даярлау саласында тәжірибе алмасуға, компанияның тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту үшін бірлескен зерттеулер саласындағы ынтымақтастық құруға мүмкіндік береді.

— Цифрлық технологиялардан басқа, компания Қазақстан қоғамының дамуына тағы қандай үлес қосуда?

— Huawei Technologies өзін әлеуметтік жауапкершілігі бар компания ретінде көрсетуді көздейді. Яғни пайда табуды ғана емес, дүниежүзіндегі кез келген қоғамның дамуына үлес қосуға тырысады. Әр жыл сайын мектеп, ауруханаларға, қайырымдылық ұйымдарына қол ұшын созады.

Қазақстанда цифрландыру экожүйесі бар. Оның ең негізгі бөлшегі — жас таланттар. Осы экожүйені дамыту үшін компания ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласы бойынша 2, 3, 4-курс студенттері арасында сайыс өткізеді. Жеңімпаздарға халықаралық байқауларға қатысуға, ірі компанияларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мәселен, біздің қазіргі қызметкеріміз Нұрсая Өмірсерік осы байқауда жеңіске жетіп, біліктілігі және білімімен ерекшеленіп, компанияда жұмыс істеуге ұсыныс алды.

— Компаниядағы жұмысыңыз барысындағы ең ұнайтыны не және кәсіби өсуіңізде қандай мүмкіндіктер бар?

— Huawei-ге 2014 жылы 4-курста өндірістік тәжірибеден өту үшін келдім. Ол кезде 21 жастамын. Кейін басшылық қабілетімді байқап, компанияда жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Дипломым болмаса да, виза менеджері ретінде қызметімді бастап кеттім. 5 жылдан соң декреттік демалысқа шықтым. Бірақ 6 айдан соң қайта жұмысқа шықтым. Неге аз уақыттың ішінде қайта жұмысқа кірістім? Себебі компания кішкентай баламның бар екеніне қарамастан потенциалымды дамытуға, жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Жұмысқа қайта шықпас бұрын кішкентайымды екі сағат сайын көріп отыруым керек екенін айттым. Басшылық шартыма келісті. Екінші баламды дүниеге әкелген соң да 3 айдан кейін декреттік демалыстан оралдым. Бұл кезде компания онлайн жұмыс істеуге рұқсат берді. Яғни маған компания басшылығының қызметкерлерімен дұрыс коммуникация орната алатыны, кәсіби деңгейін жоғарылатуға жол ашатыны, шарттары мен жағдайын ескеретіні ұнайды. Бір сөзбен айтқанда, компанияда жұмыс жүйесі дұрыс қалыптасқан деп ойлаймын.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Huawei Technologies компаниясы алдағы 5 жыл ішінде қандай болады деп елестетесіз?

— Осы компанияда жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. Жыл сайын тек дамуын көріп келемін. Алдағы уақытта Қазақстанда Huawei Technologies-тің төртінші бағыты, яғни цифрлы экономика қалыптасады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде адамдар қоқысты сұрыптауды, батарейканы жинауды үйреніп келеді. Болашақта біздің компания осындай экоәдеттерді трендке айналдырады деген сенімдемін.