Экобелсенді Еңліктің айтуынша, Жаңа жыл — адамдарды жақындастыратын, көңіл-күйді көтеретін мереке, сол себепті экология жанашырлары сыйлық беруді құп көреді. Бірақ кез келген адам сыйлық  алмас бұрын оның қоршаған ортаға әсерін ойлауы керек.

Жаңа жыл өте ауқымды мереке болғандықтан бұл күні қоқыс, пластик, бір реттік заттар әдеттегіден көп қолданылады. Өкінішке қарай, біз ол қоқысты Жер шарынан теуіп шығарып жібере алмаймыз, онымен бірге өмір сүреміз. Ал одан қаншама зиян нәрсе бөлінеді. Сондықтан дүниежүзінің барлық адамы экологияны ескеріп, сый алуды үйренгені жөн, — дейді экобелсенді.

Еңлік сыйлықты онлайн-дүкеннен емес, кәдімгі дүкенге барып, қолмен ұстап, таңдап алуға кеңес береді. Бұл да экоәдеттің бірі екен.

Интернет-дүкен арқылы тапсырыс беру сізге ыңғайлы болуы мүмкін. Дегенмен оның қоршаған ортаға зияны бар. Біріншіден, сатушы онлайн тапсырыс берген зат иесіне сынбай, бұзылмай жетуі үшін міндетті түрде бірнеше пластикке немесе қорапқа орап береді. Екіншіден, дайын сыйлықты арнайы көлік, автобус, пойыз немесе ұшақ жеткізеді. Жолда ол артық газ, түтін шығарады. Оның орнына өзіңіз дүкенге барып, тауарды қолмен ұстап көріп, артық қапқа салғызбай, өз дорбаңызға салып кеткеніңіз дұрыс, — дейді ол.

Сонымен бірге экобелсенді Жаңа жыл мерекесіне орай мынадай сыйлықтарды ұсынады:

Онлайн — сертификат

Зат көбейсе, қоқыс та артады. Сол себепті заттай сыйдың орнын онлайн сертификатпен алмастыруға болады. Мәселен дәрігер қабылдауына тегін жолдама, психолог терапиясына, фитнеске немесе басқа да онлайн-курс, тренингке сертфикат сатып алып беруге болады. Netflix-тің бір айлық жазылымын төлеңіз. Шаңғы, SPA-салон, жүзу, массаж немесе косметологқа абономент алып беріңіз. Қысқасы, қиялыңызға ерік беріңіз. Мұндай сыйлық адам денсаулығына да пайдалы, экологияға да зиян емес.

Дегенмен циркке билет немесе шубаға жеңілдік сертификатын алып жүрмеңіз. Жануарлар да — қоршаған ортаның бір бөлігі.

Мақта-матадан жасалған тон

Кей қыз-келіншек тонды ерекше ұнатады. Ондай адамдарға жануар терісінен емес, мақта-матадан жасалған балама түрін сыйлаңыз. Әрине, құндыз терісінен жасалған тон секілді болмас. Десе де өзінше әдемі әрі жылы.

Жеміс-жидек пен көкөніс

Кептірілген жеміс-жидек пен көкөністерде адам ағзасына пайдалы көптеген дәрумен бар. Оны да сый ретінде беруге болады. Оның үстіне олардан органика қалдықтары ғана бөлінеді. Ал ол қоқыста тез шіріп, жойылады.

Ыдыстағы гүл

Қазір адамдар сыйлық берерде креатив қосып, әдемілеп беруге тырысады. Қарапайым гүлді бірнеше пластик қағазға орайды, кішкентай затты бірнеше қорапқа салып жатады. Оған қоса әдемі болуы үшін қораптың ішіне ұсақ, ұзын қағаз-ленталар салады. Мұның барлығы — қоқыс. Оданша ыдыстағы гүлді сыйлаған абзал. Ыдыстағы гүл бөлме ішіне сән береді, ауаны тазартады.

Ұзақ қолдануға жарамды зат

Ноутбук, телефон, Power bank сияқты электрон тауарлар ұзақ қолдануға жарамды сыйлыққа жатады. Дегенмен сыйламас бұрын жақын адамыңызға қаншалық қажет екенін анықтап алған дұрыс. Егер адамда онсызда ноутбук немесе ұялы телефон болса, ол жаңасына қатты мұқтаж емес те шығар. Мұндай кезде басқа сый тарту еткен абзал. Себебі кез келген адам жаңасы келгенде ескісін автомат түрде лақтырып жатады. Бекер қоқысқа тастағанша, ескісін қолданғаны жөн.

Сонымен бірге адамның қызығушылығына, ерекшелігіне қарай сыйлық жасауға болады. Ыстық шайды ұнатса, термос беріңіз. Су көп ішетін болса, су құюға арналған темір ыдыс сыйлаңыз. Пандемия кезінде матадан тігілген медицина маскасы да ерекше сый. Жұмысқа түскі ас апаратын немесе тауға, пикникке шығуды ұнататын адамға темір қасық, шанышқы, экоматериалдан жасалған контейнер ыдыс сатып алуға болады.

Қайта өңделген заттар

Қайта өңделетін материалдардан немесе қайта өңделген заттарды сыйлық ретінде беру тиімді. Мысалы, экологиялық дүкендерден пластик, палеотелиннен жасалған әшекей-бұйым, киім сатып алыңыз.

Ата-анамыз бір шырша мен ойыншықты сақтап қоятын. Кейін жыл сайын соны қолданамыз. Бұл — өте дұрыс әдет. Әр жыл сайын шыршаны кесудің немесе пластик түрін сатып алудың еш қажет жоқ. Балаға ойыншық алмас бұрын оған қаншалық керек екенін ескерейік. От-шашуды да азайтқан абзал. Тамақты да ысырап жасамаған дұрыс. Мұның бәрі қоршаған орта үшін маңызды.

Тағы оқыңыз: Жаңа жыл мерекесінің қоршаған ортаға зиянын қалай азайту керек?