Бақыт Сұлтанов Кабулда сауда келіссөздерін өткізді

Делегация құрамына Сауда және интеграция министрлігі қызметкерлері, экспортты ілгерілету жөніндегі оператор – QazTrade компаниясы және бірқатар қазақстандық экспорттаушы компаниялардың өкілдері кірді.

Сапар барысында министр Сұлтановтың Ауғанстан премьер-министрінің орынбасары Абдулла Салам Ханафимен, сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизимен келіссөздері өтті.

Кездесулерде министр ауған тарапын Қазақстан Ауғанстанның ішкі істеріне араласпау саясатын әрдайым ұстанатынына сендірді.

Біз дәстүрлі түрде терроризм мен есірткі қылмысынан азат бейбіт, біртұтас, тәуелсіз және өркендеген Ауғанстанды қолдаймыз. Ауған халқы бейбітшілікті орнату және одан әрі даму үшін өз болашағын өзі анықтауға құқылы, — деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігінің басшысы.

Бақыт Сұлтанов сонымен қатар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біздің ел Ауғанстанға 5 мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек бөлгенін хабарлады.

Бүгін біз қосымша 1,5 тонна жүк (дәрі-дәрмек) әкелдік. Бұдан басқа, Қазақстаннан шамамен 155 тонна көлемінде немесе $1,9 миллион сомасына азық-түлік және дәрі-дәрмек салынған гуманитарлық жүк жіберілді. Жақын арада ол Ауғанстан аумағына келеді, — деп хабарлады Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Сұлтанов ауған үкіметінің өкілдеріне Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөніндегі күш-жігеріне толық қолдау көрсетіп, белсенді қатысып отырғанын хабарлады. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 20 мың тонна қазақстандық ұнды сатып алды.

Біздің еліміз, көптеген халықаралық әріптес сияқты, ауғанаралық қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталды және елді жанжалдан кейінгі кезеңде қалпына келтіру уақыты келді деп үміттенеміз, — деді Бақыт Сұлтанов.

Сапар барысында министр Қазақстан-ауған бизнес-форумына қатысты.  Қазақстандық тараптан іс-шараға 16 азық-түлік, жиһаз және тоқыма өнімдерін өндіруші қатысты.

В2В кездесулер мен бизнес-форумның қорытындысы бойынша Ауғанстанға макарон өнімдерін, ұн және басқа да өнімдерді жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды.