Бұған дейін ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген шенеунікке сотты үй қамауында күтуге рұқсат берілді, алайда 22 желтоқсанда Бақытгүл Хаменованың қамауға алынғаны белгілі болды. Енді ол алдағы екі айды тергеу изоляторында өткізеді.
Бақытгүл Хаменованы тұтқындау туралы Атырау облысының прокуратурасы өтініш білдірген.
Сот алқасы Хаменованың 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін ескерді. Оның басшылық қызмет атқарғанын және осы өңірде ықпалы бар екенін назарға алды. Бұл сот процесіне қатысушыларға және істі объективті тергеуге қысым көрсетуі мүмкін, — делінген Атырау облысы сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 10 желтоқсанда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев бес миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды.
Іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі («қомақты мөлшерде пара алу») бойынша тергеліп жатыр.
Бақытгүл Хаменова мен облыстың мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.
Бұған дейін Атыраудың мамандандырылған тергеу соты Хаменованы үйқамаққа жіберу туралы шешім қабылдаған болатын.
Сот күдіктінің жалғызбасты әйел екенін, Атырауда тұрғылықты мекенжайы барын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын және бұрын сотталмағанын ескерді. Ол кішкентай екі баласын жалғыз өзі тәрбиелейді, қарт анасын бағып-қағып отыр, — деп мәлімдеді Атырау мамандандырылған тергеу соты.