Қазақстан азаматтарының несиесі кешіріле ме?

Агенттік төрағасы интернетте «Несие кешіріледі» деген хабарлама жалған екенін айтты.

Әлеуметтік желіде «кредит кешіріледі», «несиеге рақымшылық жасалады» деген ақпарат тарады. Осыдан кейін Агенттікке 3 күн қатарынан жүздеген адам келді. Барлығы 18 мың өтініш түсті. Оның барлығын қабылдап, қаржы ұйымдарына жібердік, — деп айтты Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда.

Оның айтуынша, 2019 жылы болған рақымшылық бір рет қана жүргізілген шара еді.

Біз қаржылық жағдайы қиындап, қарызын қайтара алмай жатқан адамдар үшін жаңа заң қабылдадық. Оған сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары адамдарға қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік беретін механизмдер ұсынуы міндетті, — деді Агенттік төрағасы.