«Отбасы банкіндегі» депозит. Не істеуге болады және неге тыйым салынады?

Қазақстандықтар енді біржолғы зейнетақы төлемдерін Отбасы банктегі депозитке аудара алады. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде банк басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов жазды.

Оның мәліметінше, алдағы уақытта «Отбасы банктегі салымды толықтыру» батырмасы пайда болады.

Достар, жақын арада сіз өзіңіздің біржолғы зейнетақы төлемдеріңізді enpf-otbasy.kz онлайн-платформасы арқылы Отбасы банктегі депозитіңізге аудара алатын боласыздар! «Отбасы банктегі салымды толықтыру» батырмасы қашан және қалай пайда болатыны туралы ақпаратты сәл кейін жариялаймыз, — делінген хабарламада.

Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен толықтырылған депозитпен не істеуге болатыны және не істеуге болмайтыны туралы ақпарат жарияланды.

  • Біржолғы зейнетақы төлемдері қосылған депозиттерге Тұрғын үй құрылыс жинақ стандартты шарттары қолданылатын болады. Яғни депозиттерге банктің жылдық 2 пайыз мөлшеріндегі сыйақысы және 20% мемлекеттік сыйлықақы (жыл нәтижесі бойынша жинақталған 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомаға) есептеледі.
  • Біржолғы зейнетақы төлемдері қосылған депозит көмегімен тұрғын үйді 3 жыл ішінде сатып алу қажет болады. Егер банк біржолғы зейнетақы төлемдері қосылған депозитті көрсетілген мерзім ішінде пайдаланбаса, олар Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарылады.
  • Салымды жауып, зейнетақы төлемдерін шешіп алуға болмайды. Шотты жапқан кезде ақша Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарылады.
  • Мұндай депозиттерді туыстарыңызға табыстаған кезде, депозиттегі біржолғы зейнетақы төлемдері қаражаты Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарылады.
  • Депозитті бөлген кезде тек өз жинақтарыңызды және банк сыйақысын алуға болады, егер депозиттің мерзімі 3 жыл және одан көп болса онда мемлекет сыйлықақысын да қоса аласыз, біржолғы зейнетақы төлемдері қаражаты Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарылады.
  • Бір адамның атында бірнеше депозит болса және олардың бірінің құрамында біржолғы зейнетақы төлемдері қаражаты қосылған депозит болса депозиттерді қосуға болады. Немесе екі адамның депозиттері ал біржолғы зейнетақы төлемдері қаражаты депозитті қабылдаушы тараптың атында болған жағдайда қосуға рұқсат беріледі.
  • Интернет-банкингте біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған депозиттерді сатуға тыйым салынады. Оларды үшінші тұлғаның кепілгер депозиті ретінде де пайдалануға болмайды.

Біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған Отбасы банктегі салымдар үшінші тұлғалардың талаптарынан қорғалады.