«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы 2022 жылы да жалғасады

Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Алматы жастары» бағдарламасын бастаған кезде бір жылда тоқтатамыз деп жоспарлаған жоқпыз. 14 миллиард теңгеден бастадық: біз 10 миллиард теңге бердік, «Отбасы банк» 4 миллиард теңге берді. Биыл баға қымбаттағаннан кейін оны 18 миллиардқа көтердік: 14 миллиард теңге әкімшілік және 4 миллиард теңгені «Отбасы банк» берді, — деді қала әкімі.

Қала әкімі бағдарламаның тиімді тұсы ретінде жастарға пәтерді қаланың кез келген жерінен алу мүмкіндігі берілгенін атап өтті.

Былтыр жастар 1 000 пәтер алды, оның ішінде 300 мұғалім, 300 дәрігер, спортшылар, журналистер мен ғылым, мәдениет саласының қызметкерлері бар. Биыл да 1 000 адам баспаналы болды. Келесі жылы да бұл бағдарлама жалғасын табады, өте үлкен сұранысқа ие, — деді Алматы әкімі.

Еске салайық, «Алматы жастары» бағдарламасына қатысушылардың жасы 35-тен аспауға тиіс, бағдарламаға өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үй болмауы керек.