Бақытжан Сағынтаев: Алматы метросы «Алтын орда» базарына дейін барады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қалада көлік инфрақұрылымы жақсарып жатыр. Осы айда Абай даңғылындағы жол қозғалысы ашылады.

Алматының шеткі аймақтарындағы 274 көшеге 65 шақырым (64,9) жаңа жол салынды. 30 шақырым жол күрделі жөндеуден және 200 шақырым астам жолға орташа жөндеуден өтті. Абай даңғылы, Саин және Әуезов көшелерін 6,6 шақырымға дейін ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы айда Абай даңғылындағы жол қозғалысы ашылады. Төле би даңғылын Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуды бастаймыз, жыл соңына дейін мердігермен шарт жасалады, — деді ол.

Биыл қалада 300 шақырымнан астам жол салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қала әкімі бүгінде Алматыда үш көлік жолайрығы салынып жатқанын айтты.

Құлжа күре жолы-Бұқтырма жолайрығында бір эстакада бойынша қозғалыс ашылды, Рысқұлов-Емцов жолайрығы бойынша жыл соңына дейін барлық бағытта қозғалысты ашамыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Жыл басынан 7 шақырым велоинфрақұрылым (барлығы — 77,9 шақырым) жайластырылды. Вело және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту стратегиясы әзірленді.

Бақытжан Сағынтаев сонымен бірге қаладағы метроның екі жаңа станциясы қашан ашылатынын айтты.

Желтоқсан айының соңына дейін Сарыарқа және Б. Момышұлы станцияларын техникалық іске қосу жоспарланған. Болашақта метро Наурызбай ауданы арқылы Райымбек даңғылына дейін («Алтын орда» базары) баратын болады, — деді ол.

Қала әкімінің айтуынша, Алматы агломерациясының аумағында қала маңындағы және қала ішіндегі желілерді бірыңғай жүйеге біріктіруді ескере отырып, Талғардың аудандық шекарасынан Алматыға дейін жеңіл рельсті трамвай салу мәселесі пысықталып жатыр.

Сонымен бірге биылғы қазан айынан бастап әуежайдың ауданы 50 мың шаршы метр болатын жаңа терминалының құрылысы басталды, бұл әуежайдың өткізу қабілетін 2 есе, яғни жылына 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.