Пән олимпиадалары педагогтарға не береді? Математика мұғалімдерінде қандай проблема бар? Baribar.kz осы тақырып жөнінде KAZAKHSTAN MATHFORUM-2021 пән олимпиадасы жеңімпаздарының бірі, Қарағандыдағы «Зерделі» білім беру орталығының математика пәнінің мұғалімі Алпарслан Мақсат Шаяхметовпен әңгімелесті.

— Алпарслан Мақсат, жеңісіңіз құтты болсын! Байқауда мұғалімдерге шығармашылық еркіндік берілген екен. Тапсырманы орындау кезінде қандай ерекше әдіс-тәсіл қолдандыңыз?

— Кез келген математика олимпиадасындағы негізгі талаптың бірі — есептерді қазылар алқалары білмейтін немесе олар ойламаған әдіспен шығару. Байқауда 10 тапсырма берілді. Оның ішінде қате есепті табу, түзеу де бар, бірақ өзім есепті барынша қарапайым, бәріне белгілі әдіспен шығардым. Себебі тапсырмалар жеңіл болды. Есеп қаншалық оңай болса, оны шешу жолы да соншалық қарапайым.

Қарағандыдан Алматыға келе жатқанымда ең үздік 30 мұғалімнің қатарында болуды немесе үшінші орын иеленуді мақсат етіп келгенмін, бірақ қуанышқа орай, бірінші орын алдым.

— Олимпиаданың өзі қалай өтті?

— Оқушы кезімнен пән олимпиадаларына жиі қатысатынмын. Сондықтан салыстырмалы түрде айтсам, дәл осы жолы өткен байқаудағы есеп-қисап жеңіл әрі қарапайым дер еді, бірақ маған тапсырманың мәні емес, оның саны қиынға соқты. Меніңше, 10 тапсырма өте көп. Байқау қатысушылары — шамамен 20-60 жастағы адамдар. Әрине, оқушылар арасындағы байқауда тапсырма көп болуы проблема емес шығар. Себебі оларда ұмтылыс, мотивация әлдеқайда көп. Ал мұғалімдерге төрт-бес сағат бір орында тапжылмай есеп шығару оңай емес. Мысалы, өзім үш жарым сағаттан кейін шаршап, тапсырманы тез аяқтауға тырыстым.

«Қап, әттеген-ай!» дейтінім де бар. Бұрын қатысқан олимпиадаларда тамақ, бағдарламалар тегін еді. Осы жолы байқауға қатысу үшін жарна төледік. Жол, жатын орын және тамақ ақысын өз қалтамыздан шығардық. 200-ден астам педагогтан жинаған жарна ақшасына тым болмаса тәтті мен шай дайындап қойса, жақсы болар еді.

Ал байқау өткен Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебі өзіме қатты ұнады. Кампустың ішінде бәрі бар, оқушыларға барлық жағдай жасалған екен. Елде сол мектептің директоры Пак Олег сияқты басшылар көбейсе, басқа мектептер де жақсаратынына сенімдімін.

математика
Фото: Қазақстан математика пәндері мұғалімдерінің қауымдастығы

— Өзіңіз туралы айтып беріңізші… Не себепті математика мұғалімі болуды шештіңіз?

— Ең әуелі олимпиадаға қатысатын математиктер мен математика мұғалімдерінің айырмашылығы жер мен көктей екенін айтқым келеді. Екеуі де өз бағыты бойыншы үздік, дегенмен олимпиаданың мақсаты мен мүддесі басқа. Оларға жарыс, ұмтылыс маңызды. Мұндай математиктің көбі мектепте дәріс бермейді. Олар көбіне қаржы, үлкен ақпаратпен жұмыс істейтін ірі компанияларға кетіп жатады. Әзірше өзімде олимпиада математигіне де, мектеп математигіне де жатқызбаймын. Дегенмен қазіргі уақытта не себепті мұғалім болғаныма келсек, маған ересектерге қарағанда балалармен жұмыс істеген ұнайды дер едім. Оның үстіне, оларға әсер етуге мүмкіндік бар, яғни бар білімімді беріп, оны пайдаға асыруына қолдау көрсетуге болады.

— Өзіңіз сабақ беріп жүрген оқушыларға қарап, балалардың математикаға ынтасы мен деңгейі туралы не айта аласыз?

— Меніңше, балаларды әлсіз деп айтпас бұрын олардың мұндай болуына әсер еткен факторларды талдағанымыз жөн. Көп жағдайда екі себепті қарастырамыз: біріншісі — генетика, яғни олардың не ішіп-жегені, екіншісі — қоршаған орта әсері, яғни айналасындағы ересектердің оларға қалай және қандай білім беруіне байланысты болады.

Өкінішке қарай, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептегі балалармен, Қарағандыдағы мектептердің оқушылардың білім алу жағдайында айырмашылық көп.

Оған қоса, оқулық мәселесі бар. «Алматы кітап» баспасы бастауыш класс оқушыларына арналған математика кітабын шығарады. Олардың кітабын толық қарадым және аса қате таба қоймадым. Тапсырмасы, кітап дизайны ұнайды. «Алматы кітап» өз жұмысын жақсы атқарып отыр деп есептеймін, бірақ жоғары класс оқушыларына оқулық шығаратын «Атамұра» кітаптарына қате өріп жүреді. Бұған дейін журналист Гүлбану Әбенова баспа оқулығын сынға алған еді. Бір қызығы, сол уақытта баспагерлер «бір қатеде тұрған ештеңе жоқ» деген позицияны ұстанды.

Жасым небары 23-те және ең үздік педагог емеспін. Алайда жас маманның 15 минут ішінде 5-6 қате табуы — өте қорқынышты жайт.

Сонымен бірге кей мұғалімнің кәсібилігі алаңдатады. Бір оқушым дұрыс есеп шығармағаны үшін мұғалімі басынан нұқитынын, енді бірі қатесіз есеп шығарса да, оқытушысы түбегейлі ешкімге бестік баға қоймайтынын айтып келеді. Өңірлердегі орта білім үшін қатты уайымдаймын. Иә, үздік, кәсіби мамандар бар, бірақ жоғарыда айтқанымдай, педагогтар мәселесі алаңдатады.

Сол себепті балалардың өзіне сенемін. Олардың қолынан көп дүние келетініне сенімдімін.

— Оқушыларыңыз сабағыңыздан не үйреніп шыққанын қалар едіңіз?

— Оқушылардың математика негіздерін үйренгенін қалаймын. Бөлшек, көбейту кестесі, процент сияқты өмірде күнделікті қажет есептерді толық білсе деймін. Мен үшін ересек адамның көбейту кестесін білмеуі немесе бір заттың процентін есептей алмауы қорқынышты. Мұны тек математиктер емес, барлық адам білуі қажет.

Сонымен бірге  Кеңес үкіметі кезінен қалыптасып қалған «жоғары білімің болмаса, ешкім емессің», «математиканы дұрыс оқымасаң, жетістікке жетпейсің», «математика басқа пәндерден маңызды» деген стереотиптерді бұзғым келеді. Мен математика мұғалімімін, бірақ балаларымның есеп шығарып қана қоймай, қазақ және орыс, ағылшын тілін жетік меңгергенін қалаймын. Қазақ және орыс әдебиетін сүйсініп оқыса, әнге, биге бар қабілетін дамытса деймін.

— Әңгімеңізге рақмет!