Жас педагог ретінде тәжірибеңізге сүйене отырып, қазіргі оқушылардың сабаққа ынтасы туралы не айта аласыз?

— Университетті тәмамдап, өзім оқыған мектепте жұмыс істеп жүрмін. Кезіндегі кластастарым мен қазіргі оқушылардан көп айырмашылықты байқаймын. Бүгінгі Z ұрпақ балалары бұрынғы бағдарлама бойынша әзірленген сабаққа қызықпайды.

Дегенмен біздің толқынға ұқсамайтын, өзгеше оқушылармен жұмыс істеу ерекше ұнайды. Себебі олар пікірін ашық білдіреді, креатив және сыни ойлай алады. Сабақта немесе одан тыс кезде болған кез келген жағдайда демократиялы қарым-қатынасты қолдайды. Мұндай балалардың сабаққа ынтасын ашу үшін қызметіме жауапты қарап, дайындалып барамын.

«Оқушылардың білім алуға ынтасы жоқ» дейтіндерді дәстүрлі бағдарламадан аса алмай отырғандар деп ойлаймын. Мұғалімдер балалардың тілінде сөйлей білуі қажет. Мәселен, алғаш бұл мектепке келгенімде, мен балаларды танымадым, олар мені білмеді. Дегенмен уақыт өте оқушылардың қызығушылығын анықтап, соған қарай пәннің бағдарламасын ұйымдастыра бастадым.

— Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді екенсіз. Дәл осы пәнге қызығатын бала көп пе?

— Мен 5-7 класс оқушыларына дәріс беремін. Бұл жастағылар «губка» сияқты, кез келген ақпаратты сіңіріп алады. Оларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жастарға қызық тақырыптармен тығыз байланыстыруға тырысамын. Мәселен, «жайлы аймақтан шығу» тақырыбын қазақ халқының мәдениетімен ұштастырып түсіндіремін. Бұрынғы қазақтар көшпелі болған, бір орыннан екінші жерге қоныс аудару арқылы «жайлы» аймақтан шыға білгенін айтамын. Өзіне ұнайтын тақырыпты сабақта естіген бала пәнге де еріксіз қызыға бастайды.

Қазақ әдебиетінен «Қыз Жібек» поэмасын тек оқытып қоймай, әр ракурстан талдатуға тырыстым. Оқушылар «Мен Қыз Жібек болсам…», «Төлеген болсам…» тақырыбында эссе жазды, Төлеген мен Бекежанның іс-әрекетін екі жақты қарастыру үшін дебат ойыны арқылы пікір таласты. Оқушыларым сабағымды асыға күтетінін айтқанда ерекше қуанамын. Мен үшін бұл — үлкен жетістік.

Назым Сапаров, мұғалім педагог
Фото жеке архивінен

— Сабақта тағы қандай әдіс-тәсіл қолданасыз?

Сабақ кезінде балл жүйесі, қолдап-қолпаштау және ойын ойнату секілді түрлі әдіс қолданамын.

«Заттар салулы сөмке» әдісі. Оқушылар бірдей дорбаға өзін сипаттайтын 5 зат салып келді. Хәрри Поттер жанкүйерлері көзілдірік, ән айтатындар микрофон, ат үстінде шабуды ұнататындар қамшы алып келді. Кейін мен оның барлығын араластырып, дорбадан бір-бірден шығарып отырдым. Оқушылар әр заттың кімді сипаттайтынын тауып отырды. Осы ойын арқылы олар бір-бірін жақын тани түсті.

Комикс және көрініс. Оқушыларға Сайын Мұратбековтің «Жусан иісін» оқуға және оны комикс ретінде салуға тапсырдым. Себебі бір балаға оқу, әңгімелеу қызық болса, енді біріне сурет салу ұнауы мүмкін. Ал «Жабайы алма» повесі бойынша көрініс қоюды сұрадым. Бұл арқылы дәрісті оқытып қана қоймай, балалардың қабілетін, икемін байқауға болады.

Калькасыз жазу. Қазақ тілі пәні болғандықтан қазақша таза, калькасыз жазуды үйретуге тырысамын. Назгүл Қожабектің Telegram-дағы «Калькасыз қазақ тілі» арнасын оқуға кеңес беремін. Орысша сөз араластырмай, таза қазақша сөйлеген балаларға кәмпит беріп отырамын.

— Ал қандай әдістер практикаңызда тиімсіз болды?

Бастапқыда маған қатал бол, оқушыларды басқа шығарма, тәртіпке шақыр дегендер болды. Мен сабақ берген 5 класс алғашында тәртіпсіз сынып еді. Оларды ұрыстым, бұрышқа тұрғыздым, сыныптан шығарып жібердім, бірақ кейін бұл әдістің тиімсіз екенін түсіндім. Қазір өзімнің де оқушы болғанымды мойындаймын. Оған қоса оларды бір қалыпқа салмауға тырысамын. Оның орнына әрқайсын жеке тұлға ретінде қабылдаймын. Шектен тыс тыңдамай жатса, ата-анасына, сынып жетекшісіне айтып, көмекке жүгінемін.

Бүгінде өзім бірнеше ереже бекіткенмін. Біріншіден — оқушыға ұрыспау. Кешігіп келсе де, рұқсат сұрамай-ақ сыныпқа кіруіне болады. Себебі оны ұрсуға кететін уақытты сабақ өтуге арнауды жөн санаймын. Ал сабақ соңында оқушы кешігу себебін түсіндіреді. Екіншіден — бақылаушы болу. Оқушылар бір тақырыпты түсінбесе, бір-бірінен сұрауға, көмектесуге мүмкіндік беремін. Үшіншіден — жеке шекараны сақтау. Бір-біріміздің көзқарасымызды тыңдаймыз, олар мені 19.00-ден кейін мазаламайды.

Бір сөзбен айтқанда, «Рон Кларк оқиғасы» фильмінің бас кейіпкері секілді оқушыларыммен бір толқында болуды дұрыс көрдім. Одан мен зардап шеккен жоқпын. Балаларды түсінуге тырысқан соң олар да сабаққа жауапты қарайды. Сабақ кезінде тапсырмаларды талап ете алатын әділетті мұғаліммін, сабақтан тыс ақыл-кеңес, көмек сұрай алатын доспын.

— Z ұрпағы өте әлсіз, нәзік, көңілшек деседі. Жаңа дүниеге тез қызығып, тез қайтады. Педагог ретінде оқушының мінез-құлқына назар аударасыз ба?

Z ұрпағы әлсіз және эмоционал екенін байқаймын. Көңіл-күйі жүзінен бірден білініп тұрады. Әсіресе, 7 класс оқушылары, себебі өтпелі кезеңде жүр. Мұндай жасөпірімдерге ұрсып білім беру мүмкін емес. Сабаққа қатысуы нашарласа, үй тапсырмасын орындамаса, жалпы білім алудың, бағаның өзіне керек екенін, ол үшін тек өзі жауапты екенін түсіндеремін.

Сонымен бірге әр баламен жеке жұмыс істеу қажет. Олардың отбасы жағдайына, басқа ортада өзін ұстауына мән берген абзал. Мысалы, бір оқушым оқу жылының басында сабақ айтудан тартыншақтайтын. Кейін бұл қызда қандай мәселе бар екенін анықтап көрмек болдым. Сөйтсем бұл жасөспірім қыз артық салмақ қосқаны үшін ұялады екен. Онымен ашық сөйлесіп, жеке жұмыс істей бастадым. Нәтижесінде қазір ол сабақта өте белсенді.

Назым Сапаров, мұғалім педагог
Фото жеке архивінен

— Сіз үшін балалармен жұмыс істеуде ең қиыны не?

— Балалардан гөрі ата-анамен жұмыс істеу қиынға соқты. Себебі әр ата-ана үшін өз баласы ерекше. Кейбірі баласы туралы ескерту жазып жібергенді қабылдамай жатады. Енді біреулері баласының сабағына, өміріне немқұрайлы қарайды.

— Оқушыларыңыздың сабағыңыздан не түйіп шығуын қалайсыз?

— Оқушыларымның мектепте алған білімдерін өмірде қолданғанын қалаймын. Әдебиеттен шығарманы оқыту барысында оны күнделікті өмірдегі жағдаяттармен байланыстырамын. Бұрынғы мен қазіргі қазақы құндылықтардың айырмашылығын түсіндіремін. Келешекте көркем жазып, сөйлейтін сауатты тұлға болса деймін. Сыныбымда болашақ президент, кәсіпкер, дәрігер, актер бар екенін білемін. Олардың болашағына сенемін.

— Әңгімеңізге рахмет!