Асқар Мамин: Қазақстан СОР26 аясындағы міндеттемелерін уақытылы орындайды

Отырыста жаңартылатын энергия көздерін дамыту және СОР26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммиттің қорытындысы бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындау аясында ҚР-ның төмен көміртекті экономикаға көшуі мәселелері қаралды.

Үкімет басшысы Шотландияның Глазго қаласында өткен БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының (СОР26) әлемдік көшбасшыларының саммитінде Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін бес есе ұлғайту, 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуетін арттыру, сонымен бірге 2060 жылға қарай ҚР-ның көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатын жариялағанын атап өтті.

Премьер-министр Қазақстан баламалы энергетиканы дамыту саласына шетелдік капитал мен озық технологияларды тарту үшін инвестициялық ортаны жақсарту жөнінде бірқатар шара қабылдағанын мәлімдеді.

Соның нәтижесінде, 2020 жылы жаңартылатын энергетика саласында жалпы қуаты шамамен 600 МВт болатын 25 жоба пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі $510 миллионнан асты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша $445 миллион инвестиция тарта отырып, жалпы қуаты 450 МВт болатын 22 жоба іске қосылады. Алдағы төрт жыл ішінде жалпы қуаты 2400 МВт және инвестициялар көлемі $2,5 миллиардтан асатын ЖЭК-тің 60-тан астам жаңа жобасын пайдалануға беру жоспарда бар,- деді Асқар Мамин.