Мұрат Әуезов талдықорғандықтармен кездесті

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Танымы мол, тағылымы зор шараны облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева жүргізіп отырды.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев:

Есімі мұқым қазаққа ғана емес, әлемге мәшһүр қазақтың ұлы перзентінің шығармалары әрбір оқырманның жүрегінен орын алады. Оның асыл мұрасы – ұрпаққа үлгі, мәңгілік мұра болып қала береді. Бүгінде кітапханада Мұхтар Әуезовтің 140-қа жуық туындысы оқырман назарына ұсынылып отыр. Тағылымды шараны ұйымдастырудағы мақсат – ұлттық рухани құндылықтар жайында сөз өрбітіп, заңғар жазушының шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау. Заңғар жолдың жалғасы Мұрат Әуезовпен кездесу біз үшін, жастар үшін үлкен бақыт, – дей келе, асылдың сынығына иығына шапан жапты.

Осыдан кейін асылдың тұяғы, көненің көзі болған Мұрат Мұхтарұлы әкесi туралы ескiрмес естелiктерiмен, тебiренiске толы ой-толғауларын бөлiстi.

Сонымен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрғандығы жайлы айтып, жастарға туған жерді шексіз сүйіп қана қоймай, тарихты түпкі тамырынан танып-білу керектігін жеткізді. Көрнекті тұлға келер жылғы мерейтойға дайындық жайлы да баяндады.

Бүгінгі кездесуге қатысып отырғаныма аса қуаныштымын. Мерейтойға орай еліміздің әр облысында кездесулер өтіп жатыр. Бәріне шексіз алғысымды білдіремін. Әкем жайлы айтатын сөз өте көп. Ол шексіз мұхит. Зерттей берсең, тың туындылар табыла береді. Оның басылмаған шығармалары қаншама?! Бұйырса, келесі жылы әкеміздің 55 томдығы жарық көреді. Қазір кітапты дайындап қойдық. Сондай-ақ, «Asu anima» студиясының директоры, ҚР Кинематографистер одағының мүшесі, режиссер, продюсер Қалдыгүл Жаныбаева мен менің қызым Зифа-Алуа екеуі Фатима анамыз жайлы толық метражды кино дайындап шықты. Келесі жылы төрт жылға жуық дайындалған фильм көрсетіледі деген жоспарымыз бар, – деді ол.

Өз кезегінде ғалым, филология ғылымының кандидаты Д.Қонаев ұлы тұлғаның туындылары 60-тан астам тілге қотарылғанын, мерейтойға орай «Абай жолы» романы алты тілге аударылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры тарландары жазушының «Ақан – Зайра» пьесасын сахналайтынын айтты.

Басқосу барысында «Asu anima» студиясының директоры Қалдыгүл Әкімжанқызы, ардагер ұстаз, үш дүркін параолимпиадалық ойындардың жеңімпазы Ғафур Бекташев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, профессор Мұратбек Иманғазинов, белгілі сатирик Тұрлыхан Кәрім сөз алып, жазушының шығармашылық iзденiсi, қаламгерлiк келбетi жайында әңгiме қозғады.

Шара соңында Мұрат Мұхтарұлы кітапханаға тың туындыларын сыйға тартып, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.