Биыл 25 мыңнан астам қазақстандық шетелге көшіп кеткен

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 7 246 адам, елімізден кеткендердің саны 25 322 адам, көші-қонның айырымы -18 076 адам, — делінген хабарламада.

Бюроның мәліметі бойынша, бұл процесс көршілес мемлекеттер арасында жүріп жатыр. Сонымен бірге ел ішінде қала ауыстырушылар саны былтырға қарағанда артқан. Статистикаға қарасақ, Алматыға қоныс аударушылар саны басым.

Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдермен өтіп жатыр. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 84,2% және 86,0%. Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2020 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 0,2% артты.

Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматыда (22 346 адам), Нұр-Сұлтанда (21 718 адам), Шымкентте (9 568 адам) және Маңғыстау облысында (248 адам), — деп жазады Ұлттық статистика бюросы.