Қостанайда кірпіш үй өртенді: жеті жастағы қыз қаза тапты

Бұл туралы Қостанай облыстық төтенше жағдайлар депаратаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өрт 24 қарашада тұрғын үйлердің бірінде шыққан. Оқиға туралы хабарлама сағат кешкі 17.20-да келіп түскен. Өрт сөндірушілер жанып жатқан үйге төрт минутта жеткен.

Төтенше жағдайлар қызметі келгенде алты пәтерлі кірпіш үйдің бір пәтерінің қабырғасы мен төбесі жанып жатты. Өрттің аумағы 50 шаршы метр.

Өрт сөндірушілер үйден төрт адамды алып шықты. Қостанай қалалық ауруханасына 1977 жылы туған әйел адам жеткізілді. Оның денесінің 80-85 процентін күйік шалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы аса ауыр деп бағаланды, — делінген хабарламада.

1975 жылы туған ер адамның қолы мен беті күйген. Ол дәрігерлердің тексеруінен кейін үйге жіберілді.

Ерлі-зайыптылардың 7 жастағы қызы ауруханаға жетпей, жәдел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Өртті сөндіру кезінде көрші пәтерден 8 жастағы тағы бір бала табылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық. Балаға медициналық көмек қажет болмады.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өрт сағат 18.25-те толықтай сөндірілді. Оны сөндіруге 26 адам мен жеті техника жұмылдырылды.