Жамбыл облысындағы дауылдан елуге жуық адам зардап шекті

Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, Тараздағы қалалық ауруханаға 41 науқас түскен. Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылып, қалғандары дәрігер тексергеннен кейін үйіне жіберілген.

Төрт бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылған, оның үшеуі емделуге қалып, біреуі амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді, — делінген хабарламада.

Медицина көмегін алу үшін Байзақ аудандық ауруханасына да төрт адам жүгінген: біреуі ауруханаға жатқызылды, үшеуі дәрігерлер бақылауымен үйіне шығарылған.

Көмекке жүгінген науқастардың көпшілігінің басы, қолы мен аяғы көгерген. Сонымен бірге терезе мен қоршаулар құлап, салдарынан басқа да жарақат алғандар бар, — деді ведомство өкілдері.

Кеше, 17 қарашада Жамбыл облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланған еді. Полицейлері жүргізушілерге аса қажет болмаған жағдайда жолға шықпау туралы ескерту жасады. Сонымен бірге Жамбыл облысында жел салдарынан бірнеше елді мекенде газ құбырларына зақым келгені хабарланды.