Басты бетБілімҚазақстанда сапасыз...

Қазақстанда сапасыз білім бергені үшін 15 университет жабылды

Бұл туралы Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Бұл бағыт біз үшін аса маңызды. Министрлік сапасыз білім беретін университеттерде тексеріс жүргізді. Нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 500-ден астам сот процесіне қатысып, 15 университетті толығымен жапты. Тағы да 4 университетті жабу бойынша сот шешімі қабылданды, бірақ қазір аппеляция жүріп жатыр, — деді министр.

Ведомство басшысы сонымен бірге университеттерде студенттерге сапасыз білім беретін кейбір мамандықтар да жабылып жатқанын айтты.

61 университеттің 400 сапасыз білім беретін мамандықтары бойынша лицензиялар қайтып алынды. Студенттерді басқа оқу орындарына ауыстырдық. Мысалы, мұғалімдерді бұның алдында 86 университет дайындаса және сапасы бойынша көп сұрақ туындаса, енді педагогтерді 50 оқу орны ғана дайындайды. Яғни, осы бағыт бойынша ғана 36 университеттің лицензиясы қайтарылып алынды, — деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, сапасыз жоғары оқу орындарын тексеру және жабу жұмыстары жалғаса береді.