Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс кестесін бөлісті

Қай жерде болсам да үнемі спорттық формада жүремін. Ол жерде мүмкіндік болса, күнделікті спортмен айналысуға тырысамын, − деді Асқар Мамин БАҚ өкілдерімен кездесуде.

Асқар Маминнің айтуынша, күнделікті сағат 07:15-те ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың баяндамасы алдына келеді.

Оның баяндамасынан кейін төтенше жағдайлар министрі Ильинмен әңгімелесемін. Ол да менен ертерек келіп, ақпараттарды алады. Бұл ретте министрлерге, орынбасарларыма мұнандай уақытта кел деп шарт немесе өтініш жасаған емеспін. Әрқайсысы өз кестесіне орай келіп, жүктемесіне байланысты жұмыс істейді, − деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының жұмыс кестесі өте кеш аяқталады. Ол ұзаққа созылатын жиындарды ұнатпайтынын, сондықтан Үкімет отырыстары 1 сағаттан әрі болмайтынын жеткізді.

Тәулік лезде өте шығады. Өйткені, түрлі кездесулер мен жиындар өте көп. Бірақ ұзаққа созылатын жиындарды ұнатпаймын. Егер байқсаңыздар, Үкімет отырыстарымыз 1 сағаттан әрі созылмайды. Үкімет отырысының күнтәртібіндегі мәселелерді талқылау үшін әрі кеткенде 1 сағат қана болады. Сондықтан сейсенбі күні сағат 9-дан 10-ға дейін Үкімет отырысын өткіземіз. Одан кейін әркім өз жұмысымен айналысады. Бұл әкімдер үшін де өте ыңғайлы. Олар өз кестелеріне сай жұмыс істеуге мүмкіндік алады, әріптестерімізге де ыңғайлы. Осыған орай олар өздерінің кестелерін түзе алады. Барлығы ережені біледі – 1 сағаттан аспауға тиіс, 45 минут болу. Ал егер артық әңгімесіз жылдамырақ аяқтауға мүмкіндік болса, онда тіпті жақсы. Сол себепті біздің жұмыс форматымыз осындай, – деді премьер-министр.