Қазақстанда Pfizer вакцинасын бірінші болып астаналық жасөспірім салдырды

Ол вакцинация процедурасының жеңіл өткенін, өзін жақсы сезінетінін айтты.

Мен 17 жастамын, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студентімін. Жеке басымның қауіпсіздігі үшін ғана емес, өзге адамдардың қауіпсіздігі үшін, коронавирус инфекциясын жұқтыру қатерін төмендетіп, қоғамда вирустың таралуын азайту үшін вакцина алдым. Екпе алмас бұрын барлық қажетті ақпаратты зерттеп, Pfizer вакцинасы туралы деректермен таныстым. Вакцинадан соң өзімді жақсы сезініп тұрмын, ешқандай жағымсыз салдары сезілмейді, — деді Төрежан Тұрсын.

Жасөспірімнің ата-анасы баласының вакцина алуына қарсы болмаған.

Керісінше, олар мені қолдады. Коронавирус инфекциясының жеңіл түрімен ауырдым. Жалпы вакцинация туралы қоғамда әр түрлі пікірлер бар. Соған байланысты, бірінші кезекте ата-анамның рұқсатын алдым. Ал қалғаны – маңызды емес. Университетте ешкім вакцинацияға мәжбүрлеген жоқ, — деді студент.

Анасы Бақтыгүл Омарбекова да баласының коронавирусқа қасы вакцина салғызуын саналы түрде қабылдаған.

Қандай мәселе болса да, антиваксерлер не десе де, өз таңдауыма сенімдімін. Ол студенттердің арасында, адамдар көп шоғырланатын ортада жүреді. Қоғамдық көлікпен қатынайды. Бүкіл адамдар бірдей маска тағады деп айта алмаймын. Отбасымызбен коронавируспен ауырдық. Вакцина салдырған жұбайым ғана ауруды жеңіл өткізді. Сондықтан бәріміз екпе аламыз деп шештік. Ұлыма да вакцинациядан өтуге кеңес бердім, — деді жасөспірімнің анасы Бақтыгүл Омарбекова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да