Теміртас Жүсіпов бокстан әлем чемпионы атанды

48 келіде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов финалда таиландық Вуттичай Юрачайды 5:0 есебімен жеңді. Ол сонымен бірге қарсыласын үшінші раундта нокдаунға жіберді.

Жекпе-жек толығымен Қазақстан спортшысының басымдығымен өтті. Теміртас салқынқандылығынан танбай, таиландтық боксшыға артық соққы жұмсатпай, үш раундты да бір деммен өткізді.

Бокстан 48 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған Теміртас Жүсіпов финалдық жекпе-жектен соң шағын сұхбат берді.

Бұл жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын! Жанкүйерлерге қолдауы үшін алғысым шексіз. Финалдық кездесу болған соң, психологиялық тұрғыдан қиындау болды. Ал қарсыласым туралы айтар болсам… Ол өте ыңғайсыз, жылдам қимылдайтын боксшы екен. Алайда бапкерлерімнің айтуымен жекпе-жек барысында оны жеңудің жолын таптым. Барша халқыма маған қолдау көрсеткені үшін бас иіп, рахметімді айтамын, — деді ол.

Айта кетейік, Теміртас Жүсіпов әлем чемпионы атағын 33 жасында жеңіп алып отыр.

Ол бұған дейін әлем чемпионаттарында жүлде алмаған. Теміртас Жүсіпов — Азия чемпионы, әскерилер арасындағы әлем чемпионы және Қазақстанның бес дүркін чемпионы.