Басты бетСпортБокстан әлем...

Бокстан әлем чемпионатының финалына төрт қазақстандық спортшы өтті

Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кешкі сессияда Сәкен Бибосынов (51 келі) пен Серік Теміржанов (57 келі) шаршы алаңға шыққан болатын. Екі боксшы да Токио Олимпиадасында бақ сынап, біреуі қоламен оралса, екіншісі жарысты екінші кезеңде аяқтаған еді.

Белград шаршы алаңы екі боксшы үшін де сәтті болып тұр. Себебі, екеуі де өз мансаптарында алғаш рет әлем чемпионатының финалына шығып отыр.  Сәкен Бибосынов таиландтық Танаарат Саенгфетті 4:1 есебімен ұтып, спорттық жолындағы «қола дәуірін» аяқтады. Бүгінге дейін әлем чемпионаты мен Олимпиаданың қоласын қанағат тұтқан Сәкен Бибосынов енді әлем чемпионатының алтыны үшін айқасады, — делінген хабарламада.

Финалда Сәкен Бибосынов америкалық Рокси Холлға қарсы шықпақ.

57 келідегі Серік Теміржанов та қарсыласын жеңіп, финалға өтті.

Жартылай финалда Кубаның беткеұстар боксшысы Освель Гарсия Кабальероны нокдаунға жіберген жерлесіміз әлемдік доданың алтынына таласады.  Бұл әлем чемпионатында Қазақстан мен Куба боксшылары алғаш рет кездесіп отыр. Қуанышқа қарай, бұл жекпе-жек біздің боксшының жеңісімен аяқталды, — делінген хабарламада.

Серіктің Теміржановтың да финалдағы қарсыласы – америкалық Джамаль Харви.

Осылайша, Қазақстан командасы сапынан төрт боксшы әлем чемпионатының финалына жолдама алды.

Күндізгі сессияда жеңіске жеткен Теміртас Жүсіпов 33 жасында, Махмұд Сабырхан 20 жасында әлем чемпионатының финалына жолдама алып отыр.