Елімізде кәсіпкерлерге арналған мобайл қолданба іске қосылды

Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді.

Салық салудың жаңа режимін қолданатын кәсіпкер салық есептілігін ұсынудан босатылады. Мобайл қолданба салықтар мен әлеуметтік төлемдерді чектер арқылы анықталған табысқа қарай автомат есептейді. Мемлекеттік кірістер комитеті E-Salyq Business мобайл қолданбасының бірқатар сервисін көрсетті. Сонымен бірге E-Salyq Business жаңа мобайл қолданбасын Play market-тен жүктеуге болады, — деді ол.

Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, жаңа мобайл қолданбаны қолдану бойынша Жамбыл және Ақмола облыстарында әзірге пилоттық жоба ретінде қолданылып жатыр.

Мемлекеттік кірістер комитеті E-Salyq Business мобайл қолданбасын 400 мың дара кәсіпкер қолданады деп жоспарлап отыр. Мобайл қолданбаны енгізу арқылы салық міндеттемелерін орындау процесі айтарлықтай жеңілдетіледі. Айта кетейін, жаңа мобайл қолданба тегін, — деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.