Биыл дүниежүзінде терроризмнен 4 300-ден астам адам қаза тапты

Бұл туралы Терроризмге қарсы  құрылымдық штаб орталығының жетекшісі Жанарбек Жанабаев Kazakhstan Security System аясында өткен республикалық конференция барысында айтты.

Орталық жетекшісі дүниежүзіндегі қазіргі жағдай мен Қазақстанда терроризм тәуекелдеріне қарсы қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

Биыл 46 елде 451 терроризм актісі орындалды.  4300-ден астам адам олардың құрбаны болды. Терроризм актісі ең көп жасалған ел Ауғанстан болды, онда 141 лаңкестік тіркелді. Сирияда 45, Нигерияда 30, Сомалиде 30, Иракта 26, Конгода 24, Малиде 20, Пәкістанда 19 акт тіркелді, — деді Жанарбек Жанабаев.

Оның айтуынша, терроризмге жауапкершілікті әдеттегідей террорлық ұйымдар алған. Оның ішінде ДАИШ 90, «Талибан» 55 теракт жасаған.

Жаһандық тұрғыдан ең белсендісі ДАИШ ұйымы. Бұл қозғалыстың содырлары 14 елде теракт жасаған. Олардың  алдын алу үшін 24 елде арнайы операция жүргізілді. 555 содыр ұсталып, 109-ының көзі жойылды, — деді Жанарбек Жанабаев.