Екі вакцинаның тек біреуін салдырса, жеткілікті ме? Бірінен соң бірін салдыру қауіпті ме? Тұмауға қарсы вакцинаны кімдерге салдыруға болмайды? 2020 жылы тұмау жұқтырғандар не себепті азайды? Материалда осы сауалдарға жауап береміз.

Екі вакцинаның тек біреуін салдыруға бола ма?

Бұл сауалдарды инфекционист, Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті Балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Ләззат Ерәлиеваға қойдық. Оның айтуынша, екі вакцинаның құрамы бір-біріне ұқсамайды және екеуі екі түрлі инфекциямен күреседі. Сондықтан екі ауруға қарсы тек бір вакцина салдыруға болмайды.

Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін вирус инфекцияларын қоздыратындар арасында тұмаудың А және В типтері жиі кездесетін. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының дерегінше, Қазақстанда ауырған адамдардың 20%-і осы типтегі инфекцияны жұқтырады, — дейді Ләззат Ерәлиева.

Маман сол науқастардың пневмониямен ауырып, тіпті қайтыс болуының себебі де осы А және В типіндегі тұмау екенін айтады.

Адам коронавирусқа қарсы вакцина алған күннің өзінде ол тұмаумен ауыруы мүмкін. Бұл — екі бөлек топқа жататын құрамы екі түрлі вирус. Сол себепті олардың антигендік құрамы әртүрлі, — дейді дәрігер.

Вакциналарды қатар салдыруға бола ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам коронавируспен де, тұмаумен де бір мезгілде ауыруы мүмкін екенін хабарлады. Сондықтан COVID-19 бен тұмау кесірінен ауруханаға жатудың немесе аурудың ауыр формасын өткерудің алдын алудың ең тиімді тәсілі – екі ауруға қарсы вакцина салдыру.

Ләззат Ерәлиеваның айтуынша, коронавирус пен тұмауға қарсы вакциналарды қатар салдыруға болмайды. Ол екі вакцинаны араға кем дегенде 1 ай өткен соң ғана салдыруға кеңес берді.

Тұмауға қарсы екпені қыркүйек-қазан айларында салдырған дұрыс. Өйткені жылдың салқын мезгілі басталмай жатып ағзада иммунитет қалыптасқаны жақсы. COVID-19-бен ауырғанның өзінде тұмауға қарсы вакцина салғызған жөн. Бұл адамның иммун жүйесіне қосымша күш түсірмейді, себебі тұмауға қарсы екпеден кейінгі жанама әсер болмайды, тек екпе салған орын ғана аздап ауырады, — дейді ол.

Тұрмауға қарсы вакцинаны кімдерге салдыруға болмайды?

Тұмау – жұқпалы респираторлық вирус ауруы. Ол ауа-тамшылы жолмен жұғады. Ауруды  ортомиксовирустар қоздырады, олардың үш типі бар: АВС. Вирус өте жылдам таралады, оны кез келген жастағы адам жұқтырып алуы мүмкін. Адам тұмауратқанда мұрнынан су, көзінен жас ағады, көзі қызарады, дене қызуы көтеріледі, әлсіздік болып, басы ауырады. Оған қоса, тұмау өкпенің төменгі және жоғарғы бөлігін зақымдайды.

Маусымдық аурудың қаупі — ол оңай әрі жылдам тарайды. Әсіресе, мектеп, интернат сияқты адам көп жиналатын орындарда тұмауды тез жұғады. Инфекция жұқтырған адам жөтелгенде немесе түшкіргенде құрамында ұсақ вирусы бар тамшылар ауаға тарайды. Осылайша 1 метр қашықта тұрған адамдарға жұғуы мүмкін.

Инфекция жұқтырып, ағзада ауру дамитын инкубациялық кезең орташа есеппен 2 күнге созылады, бірақ 1 немесе 4 күнге де созылуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың жеңіл және ауыр түрде өтетінін, тіпті кей жағдайда науқас қайтыс болатынын ескерткен. Тұмау жұқтырғанда ауруханаға жатқызылатындар мен ауру себебінен қайтыс болатындар — көбіне, тәуекел тобындағы науқастар. Жыл сайынғы тұмау эпидемиясында дүниежүзі елдерінде 3-5 миллион адам аурудың ауыр формасына тап болып, респираторлық аурулардан 290 мың-650 мың өлім дерегі тіркеледі.

Инфекционист Ләззат Ерәлиева адамдар тұмаумен жылдың суық мезгілінде, көбіне күздің соңы мен көктемнің басында ауыратынын айтады.

Тұмау бәрінен бұрын жүрек-қан тамырлары мен орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, түрлі асқынуға ұшыратуы мүмкін, — дейді маман.

Ләззат Ерәлиеваның айтуынша, тұмауға қарсы екпені жедел аурулар кезінде немесе созылмалы және аллегргиялық ауру өршіген уақытта салуға болмайды. Оған қоса, бұған дейін кез келген вакцинаға аллергиялық реакциясы болған адам да тұмауға қарсы екпе алмайды.

Қазақстан азаматтары тұмауға қарсы қандай вакциналарды салдыра алады?

Екпені мына азаматтар тегін салдырады:

  • аяғы ауыр әйелдер;
  • балалар;
  • диспансер есебінде тұрған адамдар;
  • балалар үйінде, интернатта, сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар;
  • эпидемология көрсеткіштері бойынша екпе салынуы керек азаматтар;
  • медицина қызметкерлері.

Қалған азаматтар вакцинаны ақылы салдыра алады. Оның құны 2 мың теңгеден басталады. Вакцинаны жекеменшік медицина орталықтарында, азаматтың тұрғылықты мекенжайындағы емхананың екпе кабинеттерінде алуға болады. Ондай емханалардың уәкілетті органнан рұқсаты болуы керек.

Қазақстан Ресейдің «ГРИППОЛ+» вакцинасының 2,5 миллион дозасын сатып алған еді. Оған қоса, елімізде тұмауға қарсы мына екпелер тіркеліп, салынуға рұқсат етілген:

  • Санофи-Пастер компаниясының (Франция) өнімі «Ваксигрип Тетра»;
  • Инфлювак (Нидерланды);
  • Синовак Биотек компаниясы (Қытай) өндірген вакцина.

Тұмауға қарсы вакцина салатын медицина мекемелері мекенжайын аумақтық санитария-эпидемиология бақылау департаменттері мен тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау басқармаларынан білуге ​​болады.

2020 жылы тұмау жұқтырғандар не себепті азайды?

АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) тұмауға қатысты жалпыұлттық деректерді 2005 жылдан бері жинап келеді. Ұйымның есебіне қарағанда, 2020-2021 жылдағы ауру маусымында тұмаудың жұғу деңгейі 2% болған.

Былтыр тұмаудың әдеттегідей көптеп таралмауына коронавирус инфекциясына қарсы қабылданған шектеу шаралары әсер етті. Оқшаулану, әлеуметтік арақашықтық сақтау, маска тағу және басқа да гигиена шаралары тұмаудың ғана емес, басқа да аурулардың алдын алды.

Биыл мұндай қатаң шаралар жоқ. Сол себепті коронавирус пен тұмау бір мезгілде таралуы мүмкін.