— Нұрболат, «Болашақ» бағдарламасымен білім алу үшін неге Аустралияны таңдадыңыз? Университет таңдағанда неге мән бердіңіз?
— 2018-2020 жылдары Аустралияның Квинсленд штатындағы Брисбен қаласында орналасқан Queensland университетінде 2 жыл білім алдым. Мамандығым «Халықаралық қатынастар» болды. Бакалавриатты Оңтүстік Кореяда және Польшада оқыдым. Бір сөзбен айтқанда, Азияны да, Еуропаны да көрген соң Американы немесе Аустралияны байқап көргім келді.
Мен оқуға түскен жылдары «Болашақ» тізімінде 70 университет ғана бар еді. Қазір бағдарлама университеттер тізімін едәуір жаңартқан. Үздік университеттердің талаптары көп әрі қатал болады. Құжат тапсырып жүргенімде екі мемлекет ойымда қатар жүрді. Америка немесе Аустралияны біріне тоқтай алмай, көп ойландым. Соңында, анкета толтыратын кезде Аустралияны таңдаймын деп нақты шешім қабылдадым. Оған бірден-бір себеп — алдағы уақытта Америкаға баруға мүмкіндік болады, ал Аустралияға баруым екіталай деген ой. Сол себепті маған жаңа құрлықты, ондағы білім беру жүйесін, халқының өмір сүруін көру қызық болды. Аустралияның жеке континет болуы, тропикалық климаты, әлеуметтік құрылымы ұнады. Соныман қатар онда Англия мен АҚШ-тағыдай бір жылдық білім беру жүйесі емес, екі жыл білім алатыным көңілімнен шықты.
Аустралияны таңдауыма әсер еткен тағы бір фактор — Тұрсынбек Әлиұлының «Аустралияда нең бар еді, құлыным?» деген кітабы. Автордың 7 жыл Аустралияда адасып, өз еліне әрең оралғаны және бұл елдің қызық тұстарын баяндағаны ұнады. Содан кейін менің бұл мемлекетке қызығушылығым арта түсті.
Тізімде Аустралияның 15 университеті болды. Мельбурн, Сидней және Брисбен қалаларындағы университеттер арасында ең бірінші Queensland университетінен шақырту қағазы келді. Сосын тез арада виза тапсырып, осы университетке тоқтадым.
— Әр университеттің оқуға құжаттарды қабылдау кезінде өз ережесі болады ғой. Queensland университетінде талаптар қандай болды?
— Иә, әр университеттің өз талабы болады. Queensland университетінің ұнағаны — құжатты электрон форматта тапсырасыз және мұнда жұмыс тәжірибесіне баса мән береді. Сонымен қатар университет академиялық ұсыныс хатқа да көбірек назар аударады екен. Өзіме ұсыныс хаттың бірін әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіндегі жетекшім, ал екіншісін Польшада сабақ берген жетекшім жазып берді. Екеуінің ұсыныс-пікірін ескеріп, содан кейін қабылдау қағазын жіберді.
— Мотивациялық хатты жазу кезінде біреулер әсерді, енді біреулері тәжірибені көбірек жазып жатады. Ал сіз қайсына көбірек басымдық бердіңіз?
— Мотивациялық хат жазған кезде интернеттен үлгілерді қарап шықтым, сонымен бірге шетелде оқыған достарымның пікірін ескердім. Менің ойымша, хат өте түсінікті және барынша шағын, 1 беттен аспайтын болуға тиіс. Әрбір бөлімде бір сұраққа жауап берілсе және ой жинақы болса, оқып отырған адам да қиналмайды. Оқуға және түсінуге өте жеңіл болады. Қазір оқуға тапсыруға ниеттеніп жүрген азаматтарға да айтарым — осы.
Академиялық талап бойынша мотивациялық хатта «Қайдан келдім», «Қайда бара жатырмын», «Қайда барамын», «Не істеймін?» деген сияқты сұрақтарға жауап болуы және сіздің 2 жылдан кейінгі көзқарасыңыз анық жазылуы керек. Менің тәжірибемде осындай критерийлер хаттың сәтті шығуына әсер еткен сияқты.
— Студенттерді алаңдататын тағы бір кезең — «сұхбат». Көбі қандай сұрақтар қойылады екен деп уайымдап жүреді. Бұл кезеңде қобалжу болды ма, қалай өттіңіз?
— Менің ойымша, бұл — интригаға толы кезең. Басқаларына қарағанда дәл осы кезеңде көп қолбалжыдым. Бетпе-бет сұхбаттасу өте жақсы ұйымдастырылды. Маған мұның жасырын өтетіні ұнады. Сұхбат алушы мен беруші бір-бірінің аты-жөнін білмей сөйлеседі. Адамның аты-жөніне, атағына емес, біліміне қарап сынауы сенімділік оятады.
Сұрақтарды 3 категорияға бөліп қарасақ, біріншісі — студенттің дайындығы мен жауапкершілікті алып жүруі туралы. Себебі «Болашақпен» оқитын әр студент шартсыз түрде Қазақстанның шетелдегі амбассадоры болады. Сабаққа немқұрайлы қараса, Қазақстанның имиджіне кесірі тиюі мүмкін. Екінші сұрақ білім алатын елді қалай таңдағаныңыз жөнінде болады. Мұнда мемлекеттің әсемдігін, әдемілігін емес, білім беру жүйесіне басымдық беруіңіз керек. Үшінші сұрақ — Қазақстанға келгенде алған біліміңізді қалай қолданатыныңыз жайлы.
«Болашақ» бағдарламасымен оқып келген студенттерге талап екі есе күшті болады. Сол себепті оларға артылған үміт ақталуға тиіс. Міне, студенттер осындай сұрақтарды бірінші өзіне қойып, мақсаттарын алдын-ала жоспарлағаны жөн.
— Өзге елде өмір сүру оңай болмасы анық, оқуға қалай қатынаушы едіңіз? Стипендия өмір сүруге жетуші ме еді?
— «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитын барлық студент бірдей стипендия алмайды. Стипендия білім алатын мемлекеттегі, қаладағы өмір сүру деңгейіне қарай белгіленеді.
Университетке түскен кезде өзімнің басты проблемам үй іздеу болды. Мысалы, біздің елде пәтер жалдау қымбат, ал жатақханада тұру арзанға түседі. Ал Аустралияда бәрі керісінше, жатақхана қымбат болады. Өйткені ол университет кампусында орналасқан, сол себепті сұраныс жоғары. Мен оқыған университет қаланың шет жағында болды, өзім қаланың орталығында тұрдым. Университетке автобуспен қатынадым.
Брисбундағы автобустарда студенттерге арналған 50%-тік жеңілдік карталары бар. Бұған қоса, университетке қайықпен және велосипедпен баратын жолдар да болды.
— Сұрағымды әбес көрмеңіз, оқу орныңызда қай ұлт өкілдері көбірек болды?
— Queensland университетінде магистратура бойынша жергілікті азаматтармен бірге шетел студенттері де оқыды. Студенттердің 60%-і сол елдің азаматтары болса, ал 40%-і — өзге мемлекеттен барғандар. Біздің мамандықта ересек адамдар көп болды.
Шетел студенттердің кейбірі Еуропаның солтүстік бөлігінен болды. Дания, Норвегия, Қытай, Индонезия және Оңтүстік Корея студенттерін көп байқадым.
— Қазақстан мен Аустралияның білім беру жүйесінен байқаған өзгешеліктерді айтып беріңізші. Мысалы, қазір өзіңіз жұмыс істейтін «Тұран» университетімен салыстырып көрейік…
— Әрине, екі басқа мемлекет, білім беру жүйесінде де айырмашылық болады. Менің ойымша, кейінгі 20 жылда Қазақстанның білім беру жүйесінде көп өзгеріс болды. Қазір елімізде университеттердің де шетелдегі жоғары оқу орындармен ұқсастықтары көбейіп келеді. Мысалы, кейінгі жылдары «Тұран» университеті ағылшын тіліндегі сабақтарға, ағылшын тіліндегі технологияларға көп көңіл бөліп жатыр.
Қазақстан студенттері кей жағдайда ұяңдау келеді, бірақ тапсырма бергенде көп білгісі келетіні және жан-жақты болуға ұмтылатыны байқалады. Қазақстанда оқытушылар студенттерге тапсырма беріп, кейін оны талап ете алады. Студентпен бірнеше рет байланыс жасайды немесе қосымша тапсырма береді. Ал Аустралияда бұл жағынан еркіндік бар. Ол жақта оқытушы мен студент қарым-қатынасы біздікінен басқаша. Оқисыз ба, оқымайсыз ба, оқытушы оған бас қатырмайды. Профессор дәрісін оқиды, тапсырмасын береді, ал жұмысы аяқталған соң басқаға мән бермейді. Әрі қарай өзіңе байланысты болады.
— Шетелде білім алған студенттердің айтуынша, ондағы оқытушылар әуелі студентті мақтайды, содан кейін ғана сын айтады екен…
— Иә, дұрыс айтасыз. Оқытушы студенттерімен үнемі коммуникация орнатып отырады. Ол тапсырмаңызды тексеріп болғаннан кейін «Өте жақсы жазылған, бірақ…» деп кемшіліктеріңізді ашық айтады, жазады. Дегенмен соңында «Талпынысыңыз жақсы» деп үмітіңізді үзбейді. Оқытушының не нәрсеге көңілі толмайтынын білесіз, өйткені сын жазып отыр, бірақ соңында мақтау сөздерді естисіз. Олар студент осы сыннан кейін түңіліп кетпесін деп ойлайтын шығар?!
Сосын біздің елде студенттер емтиханға көп көңіл бөледі. Көпшілігін «Сессия қалай өтеді», «Қанша балл аламын?» деген сұрақтар алаңдатады. Ал Аустралиядағы емтихан біздегідей емес. Олар емтиханға дейінгі кезеңге көбірек назар аударады.
Студент пен профессор қарым-қатынасы қатып қалған ережелер бойынша жүреді. Мысалы, кез келген нәрсенің дедлайны болады, оған үлгермесеңіз, басқа мүмкіндік жоқ. Бұл қағидалар әбден қалыптасып кеткен. Робот сияқты. Жазбаша жұмыстарға, тапсырмаларға көп көңіл бөледі. Маған ұнағаны — тапсырмаларды орындауға қиналсаңыз, университеттегі студент орталықтары көмектеседі. Орталық қызметкерлері кітапханамен қалай жұмыс істеу керек, тапсырманы орындау кезінде неге мән беру керек, осыларды талқылауға көмектеседі.
— Қазір өзіңіз де оқытушысыз ғой. Студенттеріңізбен қалай тіл табысасыз?
— Біздегі студенттерді баға көбірек толғандырады. Оларға бағаға емес, бастысы істелінетін жұмысқа көңіл бөлуді үнемі айтамын. Баға — техникалық процесс, оны өзгертуге болады. Ал миыңыздағы ақпарат өзгермейді. Әрине, бәрі бірдей емес, кейбір студент білсем, көрсем деп ұмтылып, түрлі кітап, қосымша әдебиет сұрап жатады.
Мен жұмыс істейтін университет студенттерінің көбі қытай, түрік, ағылшын сияқты тілдерді біледі екен. Бұл өзге елде білім алуға үлкен мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл өте жақсы. Себебі біз әлемнен жасырын өмір сүре алмаймыз. Білім саласы дүниежүзімен интеграция жасаған сайын дами береді. Қазір Қазақстан студенттері де оны жақсы түсініп жүр. Университеттің сыртқы көрінісіне емес, олардың бағдарламасына, оқытушылар құрамына назар аударып жатады.
— Аустралияға оралсақ, бұл мемлекетке сіңісу қиын болмады ма? Тұрғындарын жақын тану үшін не істедіңіз?
— Әуеліде бұл сұрақ мені де мазалады. Қалай болады екен деп ойланып жүрдім, бірақ кейін елге оралғанда Аустралияға сіңісіп кеткенімді байқадым. Тұрғындары қонақжай, қолынан келіп жатса, көмек беруге дайын тұрады. Ешқандай кикілжің, түсініспеушілік болған емес. Сонымен қатар климаты да тез сіңісіп кетуге қолайлы. Ол жақта қыс болмайды, бұл мезгілде 10-12 градус жылы болып тұрады, бұл адамдардың көңілді, жайдары жүруіне де әсер етеді деп ойлаймын.
Кейбір досымның айтуынша, Аустралия халқы Американікімен салыстырғанда тұйықтау келеді. Себебі Аустралиядағы әр үшінші адам шетелде туған деуге болады. Ол жақта өзге мемлекеттен келген халық көп. Жергілікті халқы сырттай қарап, анықтай алмайсың. Жергілікті халқы — аборигендер, бұған қоса, ағылшынша сөйлейтін еуропалықтар да өзін осы елдің тұрғыны деп есептейді. Сол себепті ешқайсында «Бұл елдің қожайынымын» деген сияқты анти-мигранттық көзқарас жоқ. Барлығы «Бұл жерде қонақпыз» деп оңай сіңісіп кетеді.
— Шетелде оқыған студенттің барлығын бірдей «білікті маман» деп қабылдауға бола ма? Әлде бұл стереотип пе?
— Шетелде оқып келгендерді ғана емес, жалпы біреудің оқыған университетіне қарап, оны супер мықты деп бағалау — қате пікір. Себебі өзіміздің мықты маман екенімізді тек жұмысымызбен дәлелдей аламыз. Кез келген адамның кәсіби маман екенін білу үшін дипломын көру жеткіліксіз дер ем. Сондықтан «Болашақ» бойынша оқып келген азаматтардың барлығын «өте білімді», «керемет қызметкер» деп бағалауға болмайды. Әрине, лайық азаматтар да көп. Дегенмен бұл уақытты, практиканы, жүйелі түрде жұмыс істеуді талап етеді.
Шетел университеттері мамандық бойынша негізгі түсінік пен жоспарды енгізіп береді. Ал оны дұрыс пайдалану студенттің өзіне байланысты.
— «Болашақ» бағдарламасымен оқыған студенттердің басым көпшілігі елге оралғанда жұмыс табудан қиналмайтын сияқты. Ал сізге мамандығыңыз бойынша жұмысқа орналасу оңай болды ма? Бағдарлама түлегі болуыңыз пайдасын қаншалық тигізді?
— Өзім «Болашақпен» оқып келген бірнеше танысымның 6-7 ай бойы жұмысқа орналаса алмағанын білемін. Ондай да жайттар кездеседі. Себебі бұл жерде оқуды аяқтаған соң қандай жұмысқа тұрамын деген ұстаным болуы мүмкін. Мысалы, менен 6 ай бұрын оқып келген досым 1 жылдан астам жұмыссыз жүрді. Барлығы бірдей жұмысқа тұрып кетеді деген асыра айту болушы еді, бірақ басқа азаматтармен салыстырғанда мүмкіндік көбірек болатыны рас.
Өзім оқуымды аяқтауға жақындап, диплом алуға 2-3 ай қалған уақытта «Тұран» университетінен жұмысқа шақырту келді. Одан өзге де халықаралық ұйымдар да байланысқа шықты. Өзім жоспарымды осы академия саласымен байланыстырдым. Әрі қарай доктарантурада оқимын дедім. Сонымен қатар маған бұл жердің талаптары да ұнады. Келіп, бірден жұмысқа орналастым.
— Жұмысқа орналаса алмай жүрген таныстарыңызды айтып қалдыңыз. Оған елімізде сол мамандыққа сұраныстың аздығы немесе мүлдем жоқтығы себеп емес пе?
— Білім алған мамандығыңызға сұраныс болмаса, соған ұқсақ салалардан жұмыс табылады. Мысалы, заңгер мамандығын бітірсеңіз, заң фирмасында жұмыс болмаса, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге болады.
Менің ойымша, «Болашақпен» оқыған түлектердің жұмыс таппауының екі себебі бар. Біріншісі өңірге байланысты, кей кезде шалғайдағы өңірлерлен жақсы жұмыстар шығып жатады, бірақ түлектер орталықта, үлкен қалаларда жұмыс істегісі келеді, бірақ Алматы мен Нұр-Сұлтанда бәсеке жоғары. Екінші себепке осы бәсекені айтуға болады.
— «Болашақ» бағдарламасының талабы бойынша білім алып келген түлектер елге келгеннен кейін 5 жыл қызмет атқару керек. Дегенмен алдағы уақытта шетелде жұмыс жасау немесе өмір сүру ойда бар ма?
— Қазір жағдай өзгеріп жатыр. Адамдар мобильді болуы керек деп есептеймін. Қазірдің өзінде біз онлайн түрде шетелдік жобамен ортақ жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Қазақ ұлттық универсиетінде доктарантурада оқимын. «Мичиган» университетіндегі профессормен ортақ зерттеу жасаймыз. Аптасына 1 рет онлайн кездесу өткіземіз. Бұл Қазақстанда жүріп Америкамен байланыс орнатуға болады деп айтуға болады.
Болашағымды Қазақстансыз елестете алмаймын. Басқа елде 10-20 жыл тұрсаңыз да, бәрібір жергілікті тұрғын емес, қазақстандық болып есептеле бересіз. Өз еліміздің жақсы тұстары да көп қой. Мамандық бойынша, өзіңді дамыту, іс-сапарлар немесе тәжірибе алмасуға шетелге кез келген уақытта баруға болады, бірақ біржола көшіп бару қиындау сияқты. 1-2 жыл тұруың мүмкін, дегенмен іштей үйге қайтқың келіп тұрады.
— Әлеуметтік желіде белсендісіз бе? Шетелде оқуды армандайтын студенттер кеңес сұрай ма?
— Иә, әлеуметтік желілерден Тwitter мен Ғacebook-ты қолданамын. Әлеуметтік желі маған қосымша блокнот ретінде көмегін тигізеді. Кейбір сұхбат беру немесе кездесулер өткізген кездегі маңызды сәттерді сақтап отырады.
Ал студенттерге кеңес беру бойынша аса жауапкершілікті сезінемін. Себебі өзім оқуға түскен кезде де әлеуметтік желіде достарым көп көмектесті. «Психологиялық тестіні қалай тапсыру керек», «Шетелден шақырту қағазын қалай алуға болады», «Нені ескеру керек?» деген сұрақтар бойынша танымайтын адамдарға жазсам да, дереу жауап беріп отырды. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскісі келетін студенттерге жауап беруге дайынмын.
«Болашақпен» оқыған түлектер елде 5 жыл тегін қызмет етеді деген түсінік қалыптасыпты. Байдың балалары ғана оқи алады, ауыл баласы бара алмайды деген стереотиптер немесе асқан білімді, Эйнштейн болу керек деген стереотип те бар. Маған осылай жазған адамдарға бәрінің мүмкіндігі бір екенін айтамын.
— Шетелде оқуды армандап жүрген студенттерге жауап беруге дайынмын дедіңіз. Осы сәтті пайдалана отырып, шетелге оқуға түскісі келетін студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
— Шетелге оқуға түсуге дайындалып жатқан студенттерге үш кеңес айтқым келеді.
Біріншіден, мамандық таңдауға өте мұқият қарауларыңызды сұраймын. Осы мамандықты бітірдім, оның қандай пайдасы болады, қалай жұмыс істеймін деген сұрақтарға жауап алуға тиіссіз.
Екіншіден, таңдаған мамандығыңызға дайындықпен барыңыз. Салаңыз бойынша бірнеше кітап оқып, пікірсайыстарға қатысыңыз.
Үшіншіден, барлығын жоспарлауға тырысыңыз. Бар зейініңізді білім алуға арнаңыз. Басқа ештеңе мазаңызды алмасын. Бір жеріңіз ауырса, тезірек емделудің әрекетін жасаңыз. Уақытыңызды тиімді пайдалана білгеніңіз жөн.