— Назгүл, қазіргі балалардың назарын аудару үшін ертегі жазуда қандай детальдарға мән беру керек?
— Шынымды айтсам, қазіргі балалар әдебиетінің халі мүшкіл дер едім. Балаларымыз есейгенде «Абай жолын» оқуы үшін кішкентай кезден әдебиетке баулу керек. Балаларға арнап кітап жазатындар аз, контент жоқ. Бар кітаптардың мәтіні өте ауыр, түсініксіз. Мысалы, барлық бала жақсы көретін Marvel кейіпкерлерін алсақ, олардағы супергеройлар өзіміздің ертегілерде де толып жатыр. Біздің Таусоғардың Халктан қай жері кем? Неге осы кейіпкерлерге жаңа леп бермеске? Меніңше, ежелі эпос және қиял-ғажайып ертегілері кейіпкерлерін заманауи әдебиетпен байланыстыру керек. Алайда ертегілерді топтап, басып шығаруға ниеттенген кезде байқағаным — қазақша ертегі кітаптарға сұраныс өте төмен.
Тағы бір айтарым, біздің ертегілердегі кейіпкерлердің ортақ бейнесі жоқ. Әрбір басылым кейіпкерді әртүрлі бейнелейді. Бұдан балалар да шатасады. Осы мәселені де ортақ жүйеге келтіру қажет. Сосын ертегі кітаптарын басып шығаруда балалардың назарын ашық, анық, түрлі-түсті суреттермен тарту керек. Мәтіндер қысқа болуы қажет, өйткені жеңіл оқылуға тиіс.
— Қазіргі балаларды эпос кейіпкерлерінен өзге қандай шығармамен қызықтыру керек?
— Қазіргі балаларды шым-шытырман ертегілермен қызықтыруға болады. Олардың ойлау, қабылдау қабілеті де өзгеше. Оны ескермеуге болмайды. Балаларды жалықтырып алмау үшін жылдам өзгеретін сюжеттер қажет. Ертегіні оқыған баланың ойлау қабілетін дамытатын шығармалар ұсыну керек. Меніңше, салт-дәстүрімізді үйрететін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді түсіндіретін ертегілер қажет-ақ.
— Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «Қазіргі балалар гаджетке жіпсіз байланып отыр. Неге өз ертегілерімізді ойын, аудио, видео сияқты өнімдер жасамаймыз?» деп жазған екенсіз…
— Балалардың гаджетсіз тұра алмайтыны рас. Заман талабы да солай. Балалар YouTube-тен «Настя және папасы», «Катя және Макс» сияқты орыс, ағылшын тіліндегі видеороликтерді көріп, соларға еліктейді. Солар сияқты сөйлейді, олар ойнаған ойыншықтарды алғысы келеді. Бізге де тәрбиелік мәні бар видеоларды түсіріп, балаларымызға ұсынуымыз керек. Балаларын қазақша сөйлете алмай отырған ата-аналар үшін бұл үлкен көмек болар еді.
— Бұрын балалар әдебиеті десе, Бердібек Соқпақпаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» повестері айтылушы еді. Ал қазіргі балалар әдебиеті деп қандай шығармаларды айтуға болады?
— Балалар әдебиеті әдебиеттің баспалдағы ғой. Технология дамып жатыр, бірақ балалар оқитын шығарма жоқтың қасы. Балаларға қазіргі заман мүмкіндіктерін еркін пайдалануға, жетістіктерін меңгеруге жол ашатын, жан-жақты туындылар ұсыну керек. Кейінгі кездері Ordagen ұсынған ертегілер ұнайды, заманауи, оқуға да, тыңдауға да жеңіл, балаларға да түсінікті.
— Балаларға арнап кітап жазумен не себепті айналыса бастадыңыз?
— Өзім тележурналиспін, үш баланың анасымын. Балалар әдебиетіне келгеніме көп уақыт бола қоймады. Балаларым ертегі тыңдамай ұйықтамайды. Бір күні үйде жарық сөніп қалып, алты жастағы Асанәли есімді ұлым күнде тыңдайтын ертегісін жатқа, эмоциясымен айтып берді. Сол кезден бастап қазақша ертегілерді іздей бастадым. Қазақ ертегілерінің аудио және видео нұсқаларын қосқан кезде көпшілігінің баланың оқуына, қабылдауына қиын екенін байқадым. Ойдан шығарып айта бастадым. Әр баламның мықты және әлсіз тұстарын ертегі арқылы жеткізгенде оларға қатты әсер ететін. Кейін ауызша айтып жүрген ертегілерді кейін ұмытып қалмауым үшін жазып алатын болдым. Алайда өзімді мықты, атақты жазушы деп есептемеймін. Ертегіні өзіме қалаған кезде қағазға түсіріп отырамын. Кейде достарымды түрлі кейіпкерге ұқсатып та жазамын. Олар да ертегілерімнің жалғасын күтіп жүреді.
Ертегі жазу балалық шаққа саяхат қой. Бұл — қиял-ғажайып, шексіз әлем. Тәлім-тәрбиесі мол, баланың ой-өрісіне жақсы әсер етеді. Ертегі балаларға жағымды кейіпкердің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, ұнамаған кейіпкердің жасаған зұлымдықтарынан аулақ болуға үйретеді.
— Өзіңіз жазған ертегілердің қайсын ерекше атар едіңіз?
— «Батырдың ерлігі» атты ертегім көңілімнен шығады. Ұлым бірде қатты дауылда қалып қойып, шошынып қалды. Осыдан кейін дәрігерлердің көмегіне де жүгіндік. Аспанға қою бұлт үйіріле бастаса, қорқып, жылайтынды шығарды. Сол кезде өз қорқынышын жеңген батыр туралы ертегіні ойдан шығарып, бірнеше күн айтып жүрдім. Кейін өзі де жаттап алды. Мен де батыр боламын деп айтататын. Бұл ертегі оған терапия болды.