Асқар Мамин президентке бағаны тұрақтандыру бойынша есеп берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның экономикалық өсім қарқыны, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру шаралары, елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуал мен басқа да өзекті мәселелер туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының қайта қалпына келу үдерісі қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,4 процентті құрады. Дер кезінде дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында экономика қайта қалпына келді.

Асқар Маминнің мәліметіне сәйкес нақты сектордағы тұрақты өсім 3,5 процентке өсті, сонымен бірге карантин шектеулерін жеңілдету нәтижесінде қызмет көрсету секторының біртіндеп қалпына келуі экономиканың қайта өсуін үдетті. Бұл ретте, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 5,7 процентке артты. Құрылыс саласы 9,7 процентке ұлғайды. Елімізде 9 айдың ішінде 10,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 процентке жоғары.

Премьер-Министр мемлекет басшысына әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен инфляцияға қарсы іс-қимыл шараларының жүзеге асырылуы жөнінде айтты.

Үкімет агроөнеркәсіп кешені секторында құн қалыптастырудың барлық тізбегі бойынша бағаны тұрақтандыру, сауда желілері мен отандық тауар өндірушілері арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, тауар айналымын қаржыландыруды көбейту және тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алуды арттыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің сауда үстемесін жоғарылату фактілеріне жол бермеу шаралары қабылданып жатыр.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиялық жағдай жөнінде ақпарат берілді. Қазіргі таңда барлық аймақтарда коронавирус жұқтыру деңгейі төмендеген, ауыр науқастардың, стационарларда және амбулаторлық ем қабылдап жатқандардың саны азайған. Вирустың таралу индексі – 0,96. Жұқпалы ауруханалардың 37 процентінде, жансақтау бөлімдерінің 31 процентінде науқастар ем алып жатыр. 8,1 миллион адам екпенің бірінші компонентін, 7,2 миллион адам екінші компонентін алған.

Асқар Мамин президентке сыртқы және ішкі инвестициялардың көлемін арттыру, шағын және орта бизнестің әлеуетін ұлғайту, аймақтарды өркендету, өңдеуші секторды дамыту және кеңейту есебінен экономиканың құрылымдарын одан әрі әртараптандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар, сонымен бірге еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері бойынша баяндады.