2022 жылы мәслихат хатшыларының жалақысы көбейеді

Сіздердің барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының, тексеру комиссиялары төрағалары мен мүшелерінің лауазымдық айлықақыларын көтеру туралы депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Жоғарыда көрсетілген лауазымдарға еңбекақы төлеу «Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646қбп қаулысымен реттеледі, − деп жауап берді үкімет басшысы Сенат депутаттарының сауалына.

Президент мемлекеттік органдарда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің, барлық деңгейдегі мәслихат аппараттары мемлекеттік қызметшілерінің, тексеру комиссиялары мемлекеттік қызметшілерінің, оның ішінде олардың төрағалары мен мүшелерінің лауазымдық жалақылары 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жоғарылады.

Барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының лауазымдық айлықақыларын көтеруге қатысты Мемлекет басшысы 2021 жылғы 8 қазандағы № 64-18.0 ПАБ-9 қарармен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мәслихат хатшыларының жалақыларын арттыру туралы Үкіметтің ұсынысын қолдағанын хабарлаймын. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың соңына дейін Үкімет мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуді регламенттейтін жоғарыда аталған қаулыға тиісті түзетулер енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдайтын болады, – деді Асқар Мамин.