Көкшетауда пәтердегі жарылыстан екі адам зардап шекті

Оқиға кеше кешкі сағат 7-ден асқанда, «Көктем» шағын ауданында болған. Тұрғын үй газ тарату қондырғысына қосылған. Бір апта бойы көгілдір отын болмағандықтан, пәтер иесі баллон пайдаланған. Үйге газ берілгенде жарылыс болып, салдарынан 51 жастағы әйел адам дене жарақатын алған. Оның денесінің 20 процентін күйік шалған. 3 пәтердің қабырғаларына зақым келген.

Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Дмитрий Чайковтың айтуынша, ауруханаға жарылыстан кейін күйік шалған әйел түскен.

Ол есін біледі, жағдайы тұрақты, жалпы палатаға жатқызылды. Науқас барлық қажетті емді толық көлемде алып жатыр, − деді Д.Чайков.

Ал төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің 22 қызметкері мен 5 техника жұмылдырылғанын айтты. Жарылыстан зардап шеккен екінші тұрғын ауруханаға жатқызылған жоқ. Екі әйел адамға медициналық көмек көрсетілді. Жарылыс болған пәтерде тергеу-тексеріс жұмыстары жүргізілді.