Үкіметте 16 триллион теңге болатын ұлттық жоба туралы айтылды

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, ведомство «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаларды әзірлеген.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» Ұлттық жобасы келесі 5 бағытты қамтиды. Олар индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия, энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты арттыру. Бұл бағыттарды іске асыру шеңберінде 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген, — деді министр Үкімет отырысында.

Ведомство басшысы ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 триллион теңге болатынын хабарлады.

Оның ішінде республикалық бюджеттен 402 миллиард теңге қарастырылған. 15,5 триллион теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5%-тен жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған, — деді Әсет Ерғалиев.