Қазақстанда қоғамдық инспекторлар пайда болады

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тиісті бұйрық жобасын әзірледі.

«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта қоғамдық инспекторлар жануарларға арналған пана аумағына және оның үй-жайларына ғана дербес кіруге құқылы екені көрсетілген.

Жануарларға қарау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қоғамдық инспекторлар фото және видеотүсірілім жасап, дыбыс жазу (аудиожазба) құралдарын пайдалана алады.

Қоғамдық инспектордың құқықтары:

  • жануарларға қарау саласындағы құқықбұзушылықтарды, оның ішінде фото — және видеотүсірілім көмегімен тіркеуге және тиісті материалдарды мемлекеттік қадағалау органдарына жіберу;
  • мемлекеттік қадағалау органдарына заң талаптарын бұзудың алдын алуға және анықтауға көмектесу;
  • жануарларды ұстау саласында халықты ағарту жұмысына қатысу;
  • жануарларға қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша қорытынды құжатты дайындап, оны мемлекеттік органдарға, ұйымдарға қарауға жіберу.

Өз еркімен және өтеусіз негізде жануарлармен жұмыс істеу саласындағы қоғамдық инспектор ретінде көмек көрсетуге ниет білдірген азамат орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық органына куәлік алу туралы өтініш жазады.

Комитет өтінішті бір жұмыс күні ішінде тіркейді. Жануарларға қарау саласындағы қоғамдық инспектордың куәлігі өтініш тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей ресімделеді.

Куәліктің қолданылу мерзімі — бір жыл.

Бұйрық жобасы 25 қазанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.