Өзбекстан делегациясы «Талибан» жетекшілерімен келіссөз өткізді

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Абдуләзіз Камилов Ауғанстанның уақытша үкіметіндегі сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Әмір Хан Моттакимен транзит, энергетика және сауда мәселелерін талқылады.

«Талибан» өкілдері Өзбекстан басшылығына Мазари-Шариф қаласындағы халықаралық әуежайды жөндеуге көмектескені, өзбек-ауған шекарасының үзіліссіз жұмыс істеп тұрғаны үшін алғыс айтқан. Тараптар жақында Термез қаласында сауда-экономика сипатындағы мәселелерді, соның ішінде «Сұрқан – Пули-Хумри» электр желісі мен «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржол құрылысының жобасын бірлесіп талқылауға келісті, – делінген СІМ хабарламасында.

Мәліметке қарағанда, тәліптер осы жобаларды жүзеге асыруға тартылатын өзбек мамандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын.

«Талибан» басшылығы «Ауғанстаннан бауырлас Өзбекстанға ешқандай қауіп жоқ», – деп жазады Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.