Аида Балаева HOLA News порталының бұғатталуы туралы айтты

Бір күн бұрын «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевадан қолында бар өкілетті пайдаланып, HOLA News порталының жабылу себебін дереу анықтауға шақырған.

Қолда бар өкілетіңізді пайдаланып, осындай сорақы оқиғаны зерттеп, HOLA News порталының үздіксіз жұмыс істеуін қалпына келтіруіңізді және қоғамға сөз бостандығы нормаларын бұзу себебін хабарлауыңызды сұраймыз, – деді қор өкілдері.

Осыған орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева интернет-ресурстың ашылмау себебін анықтау үшін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сауал жолдады. Ресми ақпарат бойынша, интернет-ресурсты Цифрлық даму министрлігі бұғаттамаған.

Министрдің айтуынша, Цифрлық даму министрлігі Қазақстан заңнамасын бұзбаған БАҚ жұмысына кедергі келтірмеу позициясын ұстанады. Ведомство басшысы министрлік порталдың жабылу себебін әрі қарай да анықтауға тырысатынын атап өтті.

Еске салайық, Holanews.kz бас редакторы негізгі ақау 26-27 тамызда басталғанын және кішігірім шабуылдармен күресіп жұмысымызды жалғастырып жүргенін айтты. Алайда, дүйсенбі күні түстен кейін қызметкерлер де, оқырмандар да сайтқа кіре алмай қалғанын жеткізді.