Жаңаөзенде заманауи газ өңдеу зауыты салынады

Бұл туралы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу қажеттілігі туындап отыр.

Жұмыс істеп тұрған “Қазақ газ өңдеу зауытының” тозу деңгейі өте жоғары. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Жаңаөзенде заманауи газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес жылына 900 миллион текше метр көлемінде шикі газды қайта өңдейді. Осыған байланысты “ҚазМұнайГазға” жобаны іске асыру жұмыстарын жеделдету қажеттілігін атап өтемін, — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Ведомство басшысы сонымен бірге облыста жалпы құны 266,6 миллиард теңге болатын 7 газ инфрақұрылымы жобасын іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.

Соның ішінде 207,4 миллиард теңгеге Бейнеу-Жаңаөзен учаскесінің бірінші желісін күрделі жөндеу және екінші желісін салу, 16,5 миллиард теңгеге Жаңаөзен-Ақтау магистралды газ құбырын күрделі жөндеу, 25,7 миллиард теңгеге Құрық ауылына Жаңаөзен-Ақтау магистралды газ құбырынан газ бұру және тарату құбырларын салу жобалары бар, — деді министр.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру арқасында Маңғыстау облысын газбен жабдықтау мәселесі толық шешіледі.

Айта кетейік, бүгін үкіметте Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланды.

Жиында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Ақтаудағы әуежайға жаңа терминал салынатынын айтты.