Air Astana компаниясы авиаотын тапшылығы мәселесін көтерді

Бұл туралы Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Air Astana Қазақстанда авиаотын өндірісі көлемінің айтарлықтай төмендеуіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның салдарынан әуе компаниясы балансындағы отын қоры едәуір азайды. Бір апта бұрын Энергетика министрлігі дизель отынын өндіруді арттыру үшін биылғы қазан айында Шымкент мұнай өңдеу зауытында авиаотын өндірісі екі есе қысқаратынын мәлімдеді. Одан бөлек, қазан айында Павлодар мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жүмысы жүреді, Атырау зауытынан авиаотын жөнелту тоқтатылған, ал отынның осы түрінің импорты толығымен тоқтап тұр, — делінген хабарламада.

Air Astana ақпаратына сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ішкі нарықты жалпы көлемі 35 000 тонна авиакеросинмен қамтамасыз ету туралы мәлімдеген. Алайда, бір ғана Air Astana әуе компаниясының қолданыстағы рейстерін үздіксіз орындау үшін ай сайын 30 000 тонна авиаотын қажет. Сонымен бірге Қазақстаннан ұшатын халықаралық рейстер біртіндеп қайта ашылып жатыр және авиакомпанияның рейс саны да өсіп келеді.

Air Astana Үкіметке қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жұмыстарының мерзімін ауыстыру және авиакеросин өндірісінің бұрынғы көлемін кем дегенде импорт жеткізілімі қайта басталғанша қайтару ұсынысымен жүгінді. Бұл шаралар қысқамерзімді перспективада авиатасымалдарды тұрақты жүзеге асыру үшін өте маңызды, — делінген хабарламада.