Экология министрлігі Жайық пен Елек өзеніне зерттеу жүргізді

Жүргізілген зерттеулер барысында трансшекаралық аумақтардан,  сарқынды сулардың төгінділері байқалатын жерлерден сынамалар алынды. Су объектілерінің, оның жағалау аймағының жай-күйіне көзбен шолу жүргізілді, гидрологиялық тексерулер жүргізілді. Ластанудың болжамды көзі орындарында ауаның ластану деңгейін 6 көрсеткіш (күкіртті сутек, формальдегид, аммиак, күкірт диоксиді, азот оксиді, азот диоксиді) бойынша өлшеу және су сапасына гидрохимиялық талдау 33-38 көрсеткіш бойынша жүргізілді.

Кешенді тексеру қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының аумағында су сапасының 4 және 5-класы, Атырау облысында – 1-4-класы анықталды.

Батыс Қазақстан облысының аумағында Жайық өзенінің су сынамаларында ОБТ5 (5 тәулік ішінде оттегін биохимиялық тұтыну), фосфаттар мен жалпы фосфор, аммоний-ион, жалпы темір, магний және хлоридтер бойынша Бірыңғай жіктеу жүйесіне сәйкес су сапасының 1-класы (ең жақсы сапа) нормаларының асып кетуі байқалады.

Облыс аумағында төгінділерді жүзеге асыратын кәсіпорындар «Жайықжылуқуат», «Батыс су Арнасы» ЖШС болып табылады, алайда кешенді зерттеу жүргізу кезінде бұл кәсіпорындардың су сапасына әсері анықталған жоқ.

Атырау облысында кешенді тексеру барысында Индер, Махамбет аудандарында, қала аумағында, Жайық өзенінің сағасында, яғни Каспий теңізінің өзенмен қосылған жерінде ауа, су сынамалары алынды.

Жайық өзенінде ОХТ (оттегіні химиялық тұтыну), темір, мұнай өнімдері, магний, нитрит анион, ОБТ5 бойынша су сапасының 1-класы нормаларынан асу анықталған.

Одан бөлек, Индер ауданы Индербор кентіндегі ауданда коммуналдық қалдықтар, автокөлік құралдарының қалдықтары, ағаш және тағы басқа анықталды. Елек өзені суларын ластау көздері өзен арнасына тікелей жақын орналасқан және су тасқыны кезеңінде өзенге қалдықтарын орналастыратын көптеген шаруашылық болуы мүмкін.