Нұр-Сұлтанда Ыбырай Алтынсаринге бюст қойылды

Бюсттің биіктігі тұғырын қоса алғанда 4 метрден асады. Туынды авторы – Нұрбол Қалиев. Бюстің тұғыры граниттен, ал мүсіннің өзі қоладан құйылған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұр-Сұлтан мәслихатының депутаты, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ақын, қоғам қайраткері Несіпбек Айтұлы және басқа да қоғам өкілдері қатысты.

Ел тарихындағы елеулі тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз. Бүгін біз қазақ халқының аяулы перзенті саналы ғұмырын, қажыр-қайратын бала тәрбиелеуге және халықтың ағарту ісіне арнаған ұлы тұлғамыз Ы.Алтынсариннің бюстін ашуға жиналып отырмыз. Бұл ағартушының 180 жылдық мерейтойына арналған игі шара деп есептейміз. Келешекте дәл осы №83 орта мектебіне Ы.Алтынсариннің есімі беріледі деген жоспарымыз бар. Мұндай игі бастамаларды әрі қарай да жалғастыра береміз. Осы жыл ел тарихындағы ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Ендігі кезекте осы сәтті пайдалана отырып, барша ұстаздар қауымын ертеңгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әрқайсыңызға зор денсаулық, үйлеріңізге құт-береке, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Еліміздің гүлденуі үшін тамшыдай болса да үлесімізді қоса берейік!, – деді Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Асхат Оралов.