Қазақ радиосына – 100 жыл

Радио хабарлары кейінірек Қызылорда, сосын Алматыдан эфирге шықты.  Айтулы күні Қазақ радиосының ардагер дикторы Қайрат Мұсақұл «Қайырлы таң, Қазақ елі!» хабарын тізгіндеп, тікелей эфирде естеліктерімен бөлісті. Соңғы рет Қайрат аға эфирге 1999 жылы қыста шыққан екен.

1997 жылы телерадио бас қалаға ауысты. Қазақ радиосының астанадағы тарихы сол жылдың 10 желтоқсанынан басталады.

Радиожурналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде нығайып, бекіді. Қазір құрамына 4 бірдей (Qazaq radiosy, Shalqar, Astana, Classic) радионы біріктірген QAZAQ RADIOLARY серіктестігі бүкіл қазақ даласына ақпарат таратады. Радионың «Алтын қорында» 1948 жылдан бері жинақталған 100 мыңнан астам аудиожазба бар. Оның 300-ден астамы ноталық қолжазбалар. Ұлт үнжариясы атанған радио тек республикаға ғана емес, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстанның шекаралас аймақтарын қамтиды. Кез келген елден онлайн режимде тыңдауға болады.

Бүгінде Қазақ радиосы 7 тілде хабар тарататын және сағат сайын екі тілде жедел жаңалық жеткізетін елдегі ең әуелгі бұқаралық ақпарат құралдарының бірі.