Нұр-Сұлтандық өрт сөндірушілер жалақысының аздығына наразы болды

Айта кетейік, 2020 жылдың қаңтарынан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы 20 проценттен 65 процентке дейін көбейген еді. Осыған орай азаматтық қорғау органдарының 19 мыңнан аса қызметкерінің жалақысы артты.

Мәселен, өрт сөндірушінің жалақысы еңбек өтіліне, білігіне және атағына (бір жылға дейінгі еңбек өтілі бар азаматтық қорғау сержанты) байланысты 2020 жылы орташа есеппен 99 мың теңге, 2021 жылы 108 мың теңге болды. Ал еңбек өтілі жоғары өрт сөндірушінің (20 жылдан аса жұмыс өтілі бар азаматтық қорғау сержанты, «І дәрежелі маман-тәлімгер» білігі бар) жалақысы 2020 жылы 160 мың теңгені, 2021 жылы 177 мың теңге болатыны жөнінде айтылған-ды.

Дегенмен, бұл жалақы көңіл көншітпейтін секілді. Олардың айтуынша, жалақы аз болғандықтан, кей өңірлерде мамандар тапшы.

Мен өртке кеткенде, кезекшілікке шыққанда жақындарым уайымдайды. Өте ауыр сәттер болып, жұмыстан шығып кеткім келеді. Жалақы адам өмірі мен өліміне татымайды. Біз адамдарды құтқарып, күн сайын басымызды қауіпке тігеміз, − дейді Нұр-Сұлтандағы №4 МӨБ бөлімінің командирі Азамат Рахымжанов.