Асқар Мамин бес өңірдің әкіміне тапсырма берді

Асқар Маминнің айтуынша, елде эпидемиология жағдайы жақсарып келе жатыр, барлық өңірде вирус жұқтыру деңгейі біршама азайған.

Дегенмен «қызыл» аймақта Алматы мен Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстары қалып отыр. Сондықтан эпидемиология жағдайын бақылауда ұстауды, вакциналауды жалғастыру қажет, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы қазір вакцинаның бірінші компоненті 7,5 миллионнан аса адамға, екінші компоненті 6,4 миллион адамға салынғанын айтты.

Сонымен бірге ол тұмау мен басқа да респираторлық инфекциялар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы шара қолдану қажет екенін мәлімдеді. Тұмауға қарсы вакциналау үшін 2,5 миллион доза вакцина сатып алынған.

Асқар Мамин халықты тұмауға қарсы вакциналауды жандандырып, медицина ұйымдарының тұмау жұқтырған науқастарды қабылдауға әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, тұмауға қарсы жыл сайынғы вакциналау науқаны 15 қыркүйекте басталды.

Вакцина медицина қызметкерлеріне, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалғандарға арналған білім беру ұйымдарының балаларына, сәбилер үйінің тәрбиеленушілері мен эпидемиология көрсеткіштері бойынша басқа да адамдарға салынады.