Қазақстан мен Ресей президенттері онлайн-форматта кездеседі

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Форум аясында мемлекеттер басшыларының онлайн-форматтағы кездесуі жоспарланған. Онда Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің басым бағыттары талқыланбақ. Форум биыл «Экология және «жасыл экономикалық» өсім салаларындағы ынтымақтастық» тақырыбы аясында өтеді, — деп жазды Берік Уәли Facebook-парақшасында.

Берік Уәлидің хабарлауынша, іс-шара – екі мемлекеттің өңірлері арасындағы ықпалдастықтың перспективті бағыттарын талқылау, екіжақты қатынастарды нығайту, іскерлік топтардың байланыстарын және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қарым-қатынастарын жандандыру үшін тиімді алаң.

Жиынға қатысушылар трансшекаралық су ресурстарын басқаруға, климаттың өзгеруі мен көміртегінен арылуға, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға қатысты мәселелерді талқылайды. Форум қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған, — деді ол.