Петропавлда өрт сөндірушілердің құрметіне мурал пайда болды

Муралды көкшетаулық суретші-дизайнерлер Алдияр Жәкеев пен Мағжан Айтқожев салып шыққан.

Бірнеше сағат бойы биіктікте, желдің өті мен күзгі жауын-шашынның астында тұрып олар Қазақстанның өрт сөндірушілеріне арналған муралды салып шықты. Идеямызды ойдағыдай жүзеге асырды, сурет көңілден шықты. Өрт сөндірушінің батыл жүзі алыстан менмұндалап, Нұрсұлтан Назарбаев көшесіне шыққан әр адамның көзіне бірден түседі, − дейді өртке қарсы қызмет ардагері Ерік Мәжитов.

Айта кетерлігі, бұл бастамаға Жамбыл облысындағы жарылыста қаза тапқан өрт сөндіру мамандарының ерлігі түрткі болған.

Бізге таңдауға 6 эскиз берілді. Кейін муралды салуға орын іздедік. Бізге бес қабатты ғимараттар берілді, бірақ одан сурет дұрыс көрінбейтін болды. Нәтижесінде таңдау 19 ықшам аудандағы 9 қабатты ғимаратқа түсті. Орналасқан жері ыңғайлы, әрі қасында мешіт пен шіркеу бар, − дейді Ерік Мәжитов.

Сонымен бірге муралдың төменгі жағына QR-коды бар тақтайша орнату жоспарланған. Ол арқылы смартфон иелері Төтенше жағдайлар министрлігі туралы, тарихы мен ведомство жұмысы жайында біле алады.