Адамның фото-видеосын оның келісімінсіз пайдаланса, жауапқа тарта ала ма?
ҚР Конституциясының 20-бабының 2-тармағына сай, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы саналатын мәліметтер заңмен белгіленеді. Адамдарды, оқиғаларды, объектілерді фотоға, видеоға түсіру – ақпаратты алу және бекіту тәсілдерінің бірі.
Егер заңмен тікелей тыйым салынбаған болса, адамды, оқиғаны, объектілерді фотоға, видеоға түсіруге жол беріледі. Алайда Азаматтық кодекстің 145-бабының 1-тармағына сай, қандай да бiр адамның фотосын, суретін оның келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң құқығы жоқ. Бұл құқық бұзылған жағдайда адамдар фотоны немесе бейматериалды жоюды, сонымен бірге сот арқылы материалдық өтемақы талап етуге құқылы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабына сай, әр азамат жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасы құпиясына, өзінің ар-намысы мен абыройының қорғалуына құқығы бар екенін естен шығармауға тиіс, — дейді заңгер.
Кәмелет жасқа толмаған баланың фотосын ата-ана келісімімен жариялауға бола ма?
Қазақстанның 2013 жылғы 21 мамырдағы № 94-V «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының 1-бабының 2-тармақшасына сәйкес, белгілі бір мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын субъектіге қатысты электрон, қағаз және өзге де ақпарат дербес дерек саналады. Осы баптың 3-тармақшасына сай, дербес деректердi бұғаттау – оны жинауды, өзгертуді, толықтыруды, пайдалануды, таратуды, иесiздендiруді және жоюды уақытша тоқтату жөніндегі іс-әрекеттер.
Заңның 11-бабында биометриялық деректердің құпиялылығы ҚР заңнамасымен белгіленгені айтылады. Осыны ескере отырып, кәмелетке толмаған адамның фотосын жариялау және пайдалану оның ата-анасының не өзге де заңды өкілдерінің (асырап алушылар немесе қамқоршылар) келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін деген қорытынды жасауға болады. Фотоны тұлғаның келісімінсіз жариялаудан келтірілген зиян үлкен болса, ҚР Қылмыстық кодексының 147-бабы негізінде жазаланады, — дейді Бақдәулет Құрманбаев.
Ата-ананың өзіне келсек. ҚР «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңының 1-бабының 6- тармақшасына сай, баланың заңды өкілдері – ата-ана, асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, ҚР заңына сай балаға қамқор болуды, білім, тәрбие беруді, оның құқығы мен мүддесін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар. Баланың заңды өкілі баланың атынан барлық шартты жүзеге асыра алады. Мысалы, баланың фотосын қолдануға рұқсат бере алады, яғни заң бойынша баланың фотосын жариялауға ата-ана толықтай құқылы.
Бала үлкейгенде желідегі фотосы үшін ата-анасын жауапқа тарта ала ма?
Дегенмен «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңының 6-бабында Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың мақсаты бекітілген. Оған балалардың құқығы мен мүддесiн қамтамасыз ету, оларды кемсiтуге жол бермеу, бала құқығы мен заңды мүддесінің негiзгi кепiлдiгiн нығайту, сонымен бірге құқығы бұзылған жағдайда оны қалпына келтiру және тағы басқа ережелер жатады.
Баланың құқығы ата-анасының тарапынан бұзылған жағдайда, бала заңның 10-бабына сәйкес өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылуы бойынша талап қоюға құқылы. ҚР заңнамасында Ресей Федерациясындағыдай айыппұл көзделмеген. Дегенмен егер фото-видео арқылы баланың құқығы бұзылса, Азаматтық Кодекс негізінде талап ететін сомасын тұлға өзі белгілеуге құқылы, — дейді заңгер Бақдәулет Құрманбаев.
Баланың фотосы медиада жарияланса ше?
Баланың рұқсатынсыз оның фотосын телеарнада, медиада көрсеткен тарап «заң жүзінде құқығы бұзылған баланың» алдында жауапты болады.
Дегенмен азаматтың бейнесі негізгі объект болып саналатын жағдайды қоспағанда, материал көпшілік іс-шараларда (жиналыстарда, съездерде, конференцияларда, концерттерде, қойылымдарда, спорттық жарыстарда) түсірілсе, телеарна немесе басқа тұлға заң алдында жауапты болмайды.
Еске салайық, 1 қыркүйекте журналист Әсем Жәпішева Түркістан облысының Абай ауылында 3 жыл бұрын зорланған баланың отбасы және олардың қазіргі өмірі туралы репортажын The-village-kz.com сайтына жариялаған еді. Сол мақалада әжесі немересінің әлі күнге дейін далаға шықпайтынын айтқан.
Еуразия арнасы немеремнің түрін көрсетіп, аты-жөнін атаған соң ол далаға да шықпайды. Бәрі немеремді саусақпен нұқып көрсетеді, — деді баланың әжесі.
Үш жыл бұрынғы сюжеттерге көз жүгіртсек, біраз телеарна жәбірленушінің есімін атап, оны артқы жағынан, жанынан видеоға түсірген. Баланы теріс қаратып, болған жағдайды айтып беруін сұраған.
Сонымен қатар 1991 жылы Nirvana тобының альбом мұқабасына жалаңаш фотосы жарияланған Спенсер Элден жақында бірнеше адамның атына арыз жазған. Ол «балалар порнографиясын насихаттады» деген айыппен бірнеше адамды сотқа беріп, әрқайсынан аз дегенде 150 мың доллар өтемақы талап етіп отыр.
Спенсер Элденнің ата-анасына баласын фотоға түсіріп, оны альбом мұқабасына пайдаланғаны үшін сол жылы 200 доллар берілген. Ал Элден одан кейін ешқандай қаражат алмағанын айтқан.
Әдетте АҚШ-та жыныстық қатынасты көрсетпейтін бала фотосы балалар порнографиясы болып саналмайды. Бірақ Элденнің адвокаты Роберт Льюис мұқабада доллар купюрасы болғандықтан оның клиенті секс-жұмысшы ретінде көрсетілгенін айтып отыр.