Жоба немен айналысады?

Жоба жақында​ Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды​ қолдау бағдарламасының грантын жеңіп алды. Грант 6 айға берілген. Алайда авторлар Gazhaiyp 6 айдан кейін де жұмысын жалғастыра беретінін айтады.

Ай сайын жоба аясында бала құқығына қатысты сарапшылардың қатысуымен видео форматта материал дайындалмақ. Грант арқылы алты фильм түсіріледі. Біріншісі Youtube-каналда тұр.

  • Бірінші бөлім — балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық. Құқық қорғаушылар осы саладағы сот процестерінің қалай жүретіні, зорлық көрген баламен мамандардың қалай айналысатыны жайлы баяндайды.
  • Екінші бөлім — медиадағы бала құқығының бұзылуы. Мұнда баланың фотосуретін, жеке дерегін жариялауға қатысты тақырып көтеріледі. Баланың түрін көрсетуге бола ма? Ол келісім берді екен деп фотосын жариялау қаншалық дұрыс? Жеке деректі жария етуге ата-анасының рұқсаты жеткілікті ме? Осы сауалдарға тәжірибелі журналистер, заңгерлер мен психологтар жауап береді.
  • Үшінші бөлім — кибербуллинг. Бала әлеуметтік желіде құрдастары тарапынан буллингіге ұшырауы немесе оны бөтен адам қорқытуы мүмкін. Кибербуллингімен қалай күресу керек? Оның қандай сипаты бар? Ата-ана не істеуі қажет? Үшінші фильмде осы сұрақтарға жауап беріледі.
  • Төртінші бөлім — тұрмыстық зорлық-зомбылық. «Отбасында бала құқығы қандай кезде бұзылады?» деген сауалға жауап ізделінеді. Тұрмыстан қиналған ата-ана ашуын баладан алуы мүмкін. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қаржы қиындығы қалай әсер ететінін әлеуметтанушылар айтып береді.
  • Бесіншісі — мектеп-интернаттағы бала құқығы.
  • Соңғысы — қорытынды бөлім.

Қазақстан медиасындағы бала образы қандай?

Авторлар Қазақстан медиасындағы бала образын зерттеген. Бұқаралық ақпарат құралдары бала туралы контент жасағанда оны белгілі бір образбен береді. Мәселен, мынадай сипаттары бар:

  • құрбан, жәбірленуші;
  • жеке тұлға емес, үлкендерге қосымша, қосарлас жүретін адам;
  • аудиторияның белгілі бір эмоциясын тудыратын құрал;
  • сүйкімді бала образы.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Зерттеу нысаны ретінде мемлекет қарауындағы бір телеарна, бір сайт, сондай-ақ жекеменшік телеарна мен тағы бір сайт алынған. Әрқайсының бір жылдық контентіне мониторинг жүргізілген.

Балалар туралы таратылатын ақпараттың 79%-і негатив, яғни «педофилдің құрбаны болды», «ұрып кетті», «құлады», «қараусыз қалды» деген сияқты контент. 9,9%-і позитив ақпарат, ол — «байқаудан орын алып келді», «жетістікке жетті» деген формат. Қалғанын бейтарап мәлімет деп алдық, оған «ана мен балаға қатысты конференция өтті» деген сияқты жаңалық жатады, — дейді жоба авторлары.

Негатив жаңалық, әдетте, бір күндік болады. Бүгін шулады, кликбейт тақырып қойды, рейтингісін көтерді, ертең ұмытылды.

Біз жобамызда балалар проблемасы туралы материал әзірлейтін болсақ, оны ақпарат ретінде беріп қана қоймай, мәселенің шығу себебін, шешу жолын және қазіргі уақытта елдегі ахуалды көрсететін толық картинаны беруге тырысамыз, — дейді Қуаныш Жұбандықов.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Авторлар Balapan.tv арнасын да зерттеген. Арнада баланың жаттанды екі образы бар: тәртіпсіз бала және ақылды бала. Тәртіпсіз бала ата-анасын тыңдамайды, бір нәрсені қате істейді, сосын оны ата-анасы көріп қалып, мұндайдың дұрыс емес екенін түсіндіреді. Ақылды бала — идеал образ, үлгерімі керемет, ата-анасын тыңдайды, мектепке түзу барып, түзу қайтады.

Наргиза Ерес арнада баланың ой-пікірін жеткізетін бағдарлама аз екенін айтады.

«Балапан» арнасының сайты да, Youtube-каналы да өте сирек жаңартылады. Мұның себебі арнаның басты бағыты телевидение болғандықтан шығар. Оған қоса, балаларға арналған бірнеше қазақша YouTube-каналдарды да қарап шықтық. Олар анимацияны көбірек қолданады. Контент қазақша болғанымен, аударма тіл қолданылған, сөздердің жалғау, жұрнағы жоқ, емле қате көп. Ал балалар қазір көбіне Youtube платформасына кіреді. Осының бәрін қорытындылай келе, балаға арналған қазақша контенттің өте аз екенін, болған күннің өзінде кемшілігі барын білдік, — дейді Наргиза Ерес.

Қоғам бала құқығының тапталмауына қалай көмектесе алады?

Авторлар біздің елде адам құқығы мәселесі кейінгі уақытта ғана жиі көтеріліп, талқыға түсіп жатқанын айтады. Оған дейін бұл проблема медиада жаппай айтыла бермейтін. Сол сияқты қазір әйел мен бала құқығын қорғауға қатысты НеМолчи.кз, НеМолчиДети.кз деген сияқты ұйымдар бар. Мысалы, НеМолчиДети.кз құқығы бұзылған баламен бірге сот процестеріне қатысады, құқық жағынан көмек береді. Ондай ұйым мүшелері заңға өзгеріс енгізу үшін құрылған топқа қосылады.

Дәл қазір Қазақстанда бала құқығына қатысты түрлі мәселені шешуге қоғамның қолдауы қажет. Қоғам қалай қолдауы керек? Қуаныштың айтуынша, қоғам:

  • проблемаға көз жұмып қарамауы керек;
  • мәселенің бар екенін айтудан қорықпауға тиіс;
  • жаңа заң жобасы жасалып жатса, оны өзі ашып оқуы қажет; 
  • тұтынатын, тарататын ақпаратына жауапты болуы қажет.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мысалы, өткенде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасы дау болды. Адамдар ол заңның не үшін керек екенін білмей жатып, заң жобасын ашып оқымай-ақ, жаппай қарсы шыға бастады. Құқық сауаты төмендеу блогерлердің «заң жобасы қабылданса, осындай болады екен» деген сияқты сөзіне сенді де, шу көтерді. Бұл жерде ол заң жобасын қолдап та, оған қарсы шығып та отырғанымыз жоқ. Айтпағымыз — қоғам құқық сауатын арттыруы керек. Бір нәрсені сынайтын болсақ, оны ашып оқып, танысып барып сынауымыз керек. Әлгі кликбейт материалдарға, WhatsApp-тан келген ақпаратқа, біреудің айтқанына еріп кете бермей, фактчек жасап үйренуіміз қажет. XXI ғасырда зомби-фейк өте көп. Әркім тұтынатын, тарататын ақпаратына жауапты болса, құқықтың тапталмауына көмегі сол болады, — дейді Қуаныш.

Gazhaiyp авторлары сарапшылармен сұхбат кезінде балаға ең жақын адам ата-анасы екеніне көз жеткізгенін айтады. Балаға қатысты проблеманың көбі ата-ана мен баланың арасының қашық болуынан туындайды. Бала психологтары «Ұл-қызыңыз қандай проблемамен келсе де, оны құшақ жайып қарсы алыңыз» деп айтады.

Қазір балалар арасында Tik-Tok желісі танымал. Онда жасөспірімдер мен балалар арасында «өзің кешіре алмайтын немесе дәл қазір ренжіп жүрген адамыңды вальске шақыр» деген тренд тарады. Балалардың көбі әке-шешесін биге шақырады.

Дегенмен балаларға қатысты проблеманың бәрі тек ата-ананың кінәсі емес. Басты айырмашылық — түрлі ұрпақтың бір-бірін түсінбеуі. Түсінісу үшін уақыт керек. Біздіңше, қазіргі буын бұл тенденцияны өзгертіп, балаларына жақындайтын сияқты.

Жоба грантты қалай ұтып алды?

Наргиза мен Қуаныш 2-курста оқып жүргенде балаларға арналған «Ғажайып» деген журнал шығарады. Оның бағыты ғылыми танымдық және ойын-сауық болды, осы екі ұғым біріккен жер ғажайып деген шешімге келеді. Кейін журналдың жалпы концепциясын диплом жұмысы етіп алады. Мультимедиалық бағытқа ауысып, түрлі онлайн-платформаға көше бастайды. Ал 2020 жылдың күзінде жоба 3000 долларға дейінгі жобаларды қаржыландыратын ұйымның грантын жеңіп алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Осы жобаның арқасында бізде аудиторияға әсер ететін күш пайда болды. Психологтар бала медиада көргенін шынайы өмір моделі деп санайтынын айтады. Сондықтан медиадағы бала образы мүмкіндігінше позитив бағытта болғанын қалаймыз, — дейді жоба авторлары.