Өткен аптада Baribar.kz мүгедектігі бар азаматпен Алматыны аралап, қала мұндай жандарға қаншалықты ыңғайлы екенін сұраған еді. Ал бұл жолы зағиптардың мегаполисте қалай жүріп-тұратынын білгіміз келді. Сөйтіп «Қазақ зағиптар бірлестігінің» Алматыдағы филиалына бардық.
Есіктен кірген бойда бұйымтайымызды айтып едік, кабинеттің төр жағында отырған Алматыдағы «Қазақ зағиптар бірлестігінің» төрағасы Қайрат Қалқаев сұхбаттасуға дайын екенін айтты. Біз барған күні жаңа қызметке сайланғанына үш күн толыпты. Қайрат Қалқаев бала кезінен нашар көреді. Кейінгі 20-30 жылда мүлдем көрмейді, І топтағы мүгедектігі бар.
Қостанайда туған. Қайрат Қалқаевтың айтуына қарағанда, Кеңес үкіметі кезінде қазақ жерінде зағиптарға арналған үш мектеп болыпты. Оның бәрі бұл кісіге алыс болады да, ол Ресейдің Тройцк қаласындағы мектеп-интернатқа барады.
Көзім көрмесе де, барынша тәуелсіз болуға тырыстым. Қасыма үнемі көмектесетін адамды ертпей, өзім жүретін едім, — дейді Қайрат аға.
Қайрат Қалқаев мектепті бітіре салысымен Алматыға келген. Оның сөзінше, 1983 жылы Алматыда зағиптардың, мүгедектігі бар азаматтардың жұмыс істеуіне болатын өндірістік кәсіпорын көп болған. Ал ол «Қызыл ту» зауытында электр құрылғыларын жасауға атсалысқан. Жұмыс істегені үшін жалақысын алған, тұратын үйі де тегін болған. Зауытқа күнде апарып-әкетеді.
Дәл қазір «Қазақ зағиптар бірлестігі» орналасқан жерде бұрын керемет өмір болды. Бірнеше балабақша салынды. Жұмысшылардың асханасы болды. Қазір ол жерді жалға беріп, Baursak city ашылған, — деп еске алды Қайрат аға.
Қайрат Қалқаев бізбен әңгімелесіп отырғанда бірнәрсені түртіп, оқып отырды. Бұл «Қазақ зағиптар бірлестігінің» жарғысы екен. Өзі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Елмен бірге дәріс тыңдап, оны қалай Брайль әліпбиімен жазғанын да көрсетті.
Зағип жан Кеңес үкіметі кезіндегі өмірін, естеліктерін айта отырды.
Ол кезінде біз көшедегі бордюр бойынша жүрдік. Ол бордюрлар қазіргіден биік, таяқпен түртіп жүруге ыңғайлы еді. Ол кездің адамдары да өзгеше болған сияқты. Зағип екенімізді байқай қалса, көмектесіп жіберетін. Кетіп бара жатса, айтып немесе біреуге тапсырып кететін. Қандай адамдар болды деп таңғаламын?!, — дейді ол.
Аздап әңгімелескен соң жолдардың жүріп-тұруға қаншалық ыңғайлы екенін көру үшін сыртқа шықтық. «Қазақ зағиптар бірлестігінің» қасында арнайы кітапхана бар екен. Қайрат аға бізге сол кітапханаға барар жолды, ғимаратты көрсетейін деді.
Қазір бұрынғыдай көп жүре қоймаймын. Себебі инватакси бар, көмекшіміз бар. Бүгін жұмысқа инватаксимен келдім, кешке алып кетеді. Күніне осылай екі рет қолдануға болады, бірақ бір күн бұрын тапсырыс беруім қажет. Таксиді қазір шақырып, қазір кете беретіндей мүмкіндік жасаса, жақсы болар еді, — дейді Қайрат Қалқаев.
Жолдағы бағдаршамның қызылы мен жасылы жанғанда дыбыстап, белгі берді, бірақ мұндай бағдаршам қаланың біраз бөлігінде жоқ екен.
Бағдаршамның дыбыс маятнигі болмаса, көліктердің дыбысы бойынша жүремін. Мен жүретін бағытқа қарай көліктер ағылып жатса, демек қарама-қарсы жақтағылар тоқтап тұр деген сөз, — дейді ол.
Қайрат Қалқаев сары контраст дөңгелектері кейінгі 10 жылда қойылғанын, бірақ көп жерде жоқ екенін айтты. Оны қаладағы метро станцияларынан, орталық жақтан кездестіруге болады. Мұндай сары контраст дөңгелектері жоқ жерде зағиптар таяқпен жол жиегін, бордюрді түртіп жүреді.
Сметалық нормалар мен ережелерге сай жол жиегіндегі бордюр 5-10 сантиметр биік болуы керек. Ал қаладағы жиектердің басым бөлігі жолға төселген цемент көлемімен бірдей. Мұндай бордюр зағиптардың жүруіне кедергі келтіреді, ыңғайсыз. Көзі көрмейтін адам бордюр биік болмаған соң оны жол деп ойлап, жиекке шығып, құлап кетуі мүмкін.
Бордюрдің биіктігі сметалық нормаларға сай болсын. Мысалы, Қабанбай батыр көшесі мен Достық даңғылының қиылысында бордюр мүлдем жоқ. Бұрын мен сол маңда тұрдым, биік жиектер болған еді. Оның үстіне, жаңбыр, қар суы да жиналып қалмайтын, ағып кететін. Қазір бордюр жоқ, жүруге ыңғайсыз, — дейді «Қазақ зағиптар бірлестігінің» төрағасы.
«Зағиптар бірлестігі» мен кітапхана орналасқан көшенің жиегі нормаға сай емес екен. Әсіресе, арықтың қасына бордюр қоймағаны себепті зағип жандар бірнеше рет сол арыққа құлап түсіпті.
Біздің жұмыс орнымыз, кітапханамыз, дамыту орталығы орналасқан көшеде бордюр дұрыс істелмеген. Басқа көшелердегі жағдай мүлдем нашар. Мысалы, мына арыққа бірнеше адам құлап кетті. Алмалы ауданы әкімдігіне хат жаздық, жауап келмеді, — деді ол.
Қайрат Қалқаев көшелердің қиылысына келгенде соны білдіретін тактильді белгілер керек екенін де айтып отыр. Оны сары контраст дөңгелектерімен де белгілеуге болады. Әйтпесе, зағиптар қиылысқа келгенін байқамай қалады. Оның үстіне, барлық бағдаршамда дыбыс маятнигі жоқ. Көзі көрмейтін адам абайсызда жолға шығып кетіп, өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Кейбір елде аялдамаға да маятник қойылады екен. Мысалы, зағип жан аялдамаға жақындаса, дыбыс маятнигі шырылдайды немесе «Сіз аялдамаға келдіңіз» деп хабарлайды. Бұрын автобустың жүргізушісі аялдамаларды өзі айтатын, қысқа-нұсқа жеткізетін. Қазіргілерді тыңдауға шыдамым жетпейді. Автоматты қосып қояды, ол аялдаманы созып айтады. Мысалы, «Келесі аялдама Сейфуллин даңғылы» дейді. Ал бұрын «Мынандай аялдама, келесі мынау» деп қысқаша хабарлайтын еді, — дейді Қайрат аға.
Сонымен қатар қаладағы пандустар негізінен тек арбадағы адамға емес, зағиптарға да керек екен. Қайрат аға пандустар жүруге ыңғайлы, тым биік емес болса деген тілегін айтты.
Қалада жол жиегіндегі ағаштың діңін қоршай бордюр қояды екен. Дәл осындай жиектер зағиптарға тіптен түсініксіз. Олар жүріп келе жатып, ағаштың діңіне қоршалған бордюрға келгенде қорыққанынан тоқтап қалады.
Сендер қасымда болмасаңдар, мына жерге келіп, тоқтап тұрар едім. Бұл жерде не тұрғаны, ненің белгісі екені бізге мүлдем түсініксіз. Осы мәселені басқаша ойластырса, жақсы болар еді, — деді Қайрат Қалқаев.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханаға жақындай беріп едік, шиқылдап дыбыс шығып тұрды. Қайрат Қалқаевтан мұның не дыбыс екенін сұрадық. Сөйтсек, ғимараттың есігінен шығып тұрған бұл дыбыс зағиптарға «Мына жерде есік бар» деген белгі екен. Қалада басқа жерден мұндай белгіні кездестірмеген соң таңданып қалдық.
Негізі зағиптар үшін барлық ғимараттың есігінде осындай дыбыс маятнигі болғаны дұрыс. Мен де мұндайды кітапханадан ғана кездестірдім, — деді ол.
Кітапханада Брайль әліпбиімен басылған кітап көп екен. Қайрат Қалқаев кітаптың біреуін алып, бізге не жазылып тұрғанын оқи бастады.
«Қазақ зағиптар бірлестігінің» төрағасы бізбен сұхбаттасып жүріп, телефонындағы қоңырауға жауап беріп, WhatsApp-тан келген хабарламаларды тыңдап жүрді. Қазіргі смартфондар мен компьютерлердің зағиптарға арнап жасаған мүмкіндігі арқасында Қайрат аға әлеуметтік желілерді, мобайл қолданбаларды пайдалана алады.
Бұрын көшеде адамдар бөліп-жарып қарамайтын дедім ғой. Ал 90-жылдардан соң адамдар бізге біртүрлі қарайтын болды. Көшеде таяқпен келе жатсам, «Бісміллә» деп қаша жөнеледі, асығып бара жатқан адам аттап кетеді. Әсіресе, көлік жүргізушілерінің мәдениеті төмендеді. Бұрын таксистер жолдың жиегіне жақын тоқтап, түсіріп кететін. 90-жылдарда бізді жолдың ортасынан түсіріп кете салатын, әрі қарай қалай жетсең де бәрібір. Бірақ бұрынғы мәдениет қайта келіп жатқандай. Кейінгі кезде көшедегі адамдардың зағиптарға, мүгедектігі бар адамдарға жақсы қарайтынын байқаймын, — деп сөзін аяқтады Қайрат Қалқаев.
Айта кетейік, «Қазақ зағиптар бірлестігінің» Алматыдағы филиалына 1 224 зағип тіркелген. Бұл жоғарыда айтылған бордюр, бағдаршам, пандус, сары контраст дөңгелектері 1 224 адамға қажет. Ал инватаксиді зағиптар ғана емес, басқа да мүгедектігі бар адамдар пайдаланады. Мұндай жандар инватаксиге тапсырыс беріп үлгермесе, қасына көмекші шақыруға мәжбүр.