2021 жылдың жазы мен күзінен бастап компаниялар қайтадан жұмыстың дәстүрлі форматына көше бастады. Енді қызметкерлер жұмысты кеңсеге барып істеп жүр. Қызметкерге жұмысты қашықтан істеу қалай әсер етті? Бұрынғы форматқа оралу ше? Бұл сауалдарға Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы бас хатшысы Әсемгүл Қапарова жауап берді. Ал өзге де компания басшылығы қазіргі жұмыс барысы туралы баяндады. 

Қашықтан жұмыс істеу тиімді болды ма?

Әсемгүл Қапарова бір жарым жыл бойы қашықтан жұмыс істеді. Енді қызметкерге кеңсеге баруды қайта үйренуге тура келетін болар деп ойладық.

Елде төтенше жағдай жарияланған уақыттан, яғни 2020 жылдың наурызынан бастап қашықтан жұмыс істей бастадық. Жұмыстың дәстүрлі форматына 2021 жылдың қыркүйегінде оралдық. Жұмысты үйден істесек те, күн тәртібін қатаң ұстандым. Содан да болар, кеңсеге шыққанымыз қиындық туғызбады, – дейді Әсемгүл.

Ол елде коронавирус пандемиясы ушығып тұрғанда карантин талаптарын өте қатаң ұстанған. Карантин біткенше далаға мүлдем шықпапты, ешкіммен кездеспепті.

Әсемгүл Қапарова. Фото жеке архивінен
Әсемгүл Қапарова. Фото жеке архивінен

Таза ауа кірсін деп терезе ашамын. Карантин кезінде кешкісін онлайн концерт көріп, өмірге мәз болған адамдардың бірімін. Әдетте мүлдем жалғыз қалмайтын, жұмысыма байланысты үнемі кездесулерде жүретін адам едім. Сондықтан қатаң шектеу кезеңі қиын соғады деп ойладым. Қателесіппін. Қайта бұл уақытта өзімді жаңа қырымнан таныдым, – дейді ол.

Әсемгүл Қапарова үйден жұмыс істеудің бірнеше артықшылығын байқапты. Жұмысқа барарда істелетін киім үтіктеу, киім таңдау, бояну, шаш бұйралау сияқты әрекеттер мен жолға кететін уақыт үнемделді. Екіншісі – қатаң күн тәртібіне үйрене бастайды. Жұмысы жергілікті атқарушы органдармен, министрліктермен тығыз байланыста болғандықтан әдеттегі 8 сағаттық жұмыс күнін ұстануға тура келді.

Кеңседе болсаң, жұмыс күнін ұстану әдеттегі нәрсе болып көрінуі мүмкін. Ал үйден жұмыс істегенде ол шыдамды, күш-жігерді талап етеді. Бірінші күннен өзіме сондай талап қойдым. Көп адам үйден істегенде қатаң бақылау болмағасын түске дейін ұйықтап, кейін жұмыс бастай алмағанын естідім. Менде ондай қиындық болған жоқ, – дейді өзі.

Әсемгүл 8 сағаттық жұмыс күнінің бәрін жұмысқа арнаған. Сондықтан тамақ пісіру, үй жинау, кір жуу, суға түсу, туған-туыспен, достармен сөйлесу сияқты күнделікті шаруаны кешкі уақытқа қойғанын айтады. Бұл – қашықтағы жұмыста үйренген үшінші жақсы әдеті.

Үйден жұмыс істеп жүргенде спорттың тегін көп түрін білдім. Негізі ұзақ уақыттан бері жүзумен, бимен айналысамын. Жаттығу залына барамын. Ал карантин уағында спортпен үйде, тренерсіз, YouTube-тегі тегін видеолар арқылы айналыстым. Бұл маған жұмыстан шаршамай, өмірден түңілмес үшін, депрессияға ұшырамас үшін керек болды. Қолымнан келді. Йога, үйде жүгіру, үйде билеу, медитация жасау, аффирмация тыңдау сияқты жаңа әдеттерім пайда болды, – дейді Әсемгүл.

Бұл уақытта ол Қазақстан эстрадасымен жақын танысып, кешкісін онлайн концерт көргенін айтады. Тағы бір жақсысы – кітап оқып, отбасы мүшесіне уақыт арнап, уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік туады.

Үйден жұмыс істегенде қандай қиындық кездеседі?

Дегенмен үйден жұмыс істеген уақыттың бәрі мұндай жақсы бола бермепті. Қиындығы да кезіккен.

Қашықтан істегенде жұмыс көбейді. Әдетте офлайн ұйымдастырылатын жобаларды тез арада онлайн форматқа көшірдік. Жобаларға жаңа адамдар алып, үлкен топ жинап, әркімге жұмысын түсіндірдік. Тез істелетін жұмыстың бәрін енді өзім істеуім керек болды. Себебі ол кезде бәрін қашықтан қадағалау, өткізу тәжірибесі жоқ еді. Жазуға, кездесулерге, жиналыстарға көп уақыт кететін болды. Әдетте кеңседе ауызша айтылатын тапсырманың бәрін жазып түсндіру қажеттігі туды. Кейін телефонмен хабарласып, тағы бір рет ауызша айтасың. Жұмыс күні аяқталған соң істелінген жұмыстың есебін қабылдауға көп уақыт кетті, – дейді Әсемгүл.

Үйден жұмыс істегенде қозғалыс та азаяды. Оған қоса, жұмыс уақытынан тыс кезде де жұмыс істеуге тура келуі мүмкін.

Кейде уақыттың қалай өткенін аңғармай қалатынмын. Түнгі 22.00-00.00-ге дейін жұмыс істеп отыратын кездер болды. Әрине, организм шаршап, денсаулыққа кесірін тигізбей қоймады. Қашықтан жұмыс істегенде көп іс-шара онлайн болды, сол себепті күні бойы компьютер пайдаланамын. Вебинарларда, онлайн кездесулерде интернет үзіліп кетеді, жүйкеңді тоздырады, – дейді ол.

Әсемгүлдің сөзінше, үйде істегенде жиналыстар көбейіпті. ZOOM-да күніне бір кездесіп, күнделікті жұмысты талқылайды. Аптасына бір рет үлкен жоспарларды ақылдасады. Әсемгүлдің офистері open space болғандықтан жиналыс қажет болмайтын. Барлығын тікелей ауызша айтып, кімнің не істеп отырғанын біліп отырады.

“Кеңсенің атмосферасы бәрібір ерекше”

Әсемгүл мен әріптестері жұмыстың дәстүрлі форматына бірден көшті.

Кеңсенің атмосферасы бәрібір ерекше. Адамның күні адаммен дейді ғой, әріптестерім үнемі көңіл күйімді көтеріп отырады. Тамақ ішуге бірге барамыз. Түрлі ой, жаңа идея талқылауға мүмкіндік болады. Ата-анамды, бауырларымды сағынған кезде үйден жұмыс істегім келетінін түсінемін. Кейде 1-2 ай қашықтан, кейін кеңсеге оралып, одан соң қайта үйден істеуге болады ғой деп те ойлаймын. Дегенмен бұл – жобалар онлайн жүрсе ғана мүмкін нәрсе, – дейді Әсемгүл.

Әсемгүл офлайн жұмыс істеудің артықшылығына этикет сақталуын жатқызады.

Бәріміз кеңсеге бір киім үлгісін киіп баруға тырысамыз. Ал қашықтан істеп жүріп онлайн кездесу өткізгенде экранның ар жағындағы бөгде адамдар, өзге отбасы мүшелері әңгімесі мен әрекеті кейде кедергі болып жататын, – дейді Әсемгүл.

Оның айтуынша, күнде кеңседе әріптестермен қарым-қатынастан алатын эмоция, бір-бірімен сөйлескенде көз контактісінің болуы адамды жақсырақ түсініп, тезірек тіл табысуға әсер етеді. Оның үстіне, іссапар, әсіресе, шетелге жиі шығып тұратын тамаша сәттер бар.

Ұзақ уақыт қашықтан жұмыс істеп, дәстүрлі форматқа көшу қызметкерге оңай соқпайды. Жұмыстың бұл түріне қайта үйрену қажет. Компаниялар қызметкерін әдеттегі форматқа қалай көшіріп жатыр? Кеңсеге бару қызметкерге қалай әсер етіп отыр? Компаниялар басшылығынан сұрадық. 

Асқар Беков, Aikyn.kz сайтының шеф-редакторы:

Дәстүрлі форматта жұмыс істеу не үшін қажет?

Асқар Беков
Фото жеке архивінен

Негізі жұмыстың офлайн форматына көшуге таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені бұған дейін бәріміз сол форматта жұмыс істедік. Кейінгі 1,5 жыл ғана үйден істедік. Пандемия бізге қашықтан жұмыс істеуге болатынын көрсетті. Бұл формат басшыларға тиімді. Мысалы, қызметкердің бәрі үйінен жұмыс істесе, кеңсе ұстаудың қажеті жоқ. Жалға алу ақысын төлемейді, біршама қаржы үнемделеді.

Дегенмен жұмысты кеңседен істеуді қолдаймын. Бұл жұмыс барысын жылдамдатады. Біз ақпарат саласында жұмыс істейміз, сол себепті жылдамдық маңызды.

Кеңседе отырсақ, тапсырма тез беріледі. Бірнәрсені талқылау қажет болса, редакторымыз бар, дизайнер мен бағдарламалаушы бар, басымыз қосыла қалады. Мәселені жылдам кеңесіп, шешіп тастаймыз. Әрине, ZOOM-конференцияда жиналуға болады, бірақ бұл біз сияқты ақпарат тарататын агенттіктердің уақытын алады.

Кеңсеге шығып істеген әр қызметкердің жауапкершілігі артады деп есептеймін. Себебі сағат 09.00-де жұмыста болуы керек болса, ұйқыдан тұрып, автобуспен жету уақытын есептейді. Уақытында келіп, уақытында кетеді. Үйде бұл режим бұзылады. Жұмыс 09.00-де басталса, 08.45-те ұйқыдан тұруы мүмкін. Мұндай кезде ми жұмыс бастап кетуге дайын болмайды. Сондықтан жұмысқа келіп, кету жүйесі адамды сергітеді деп ойлаймын.

Карим Богуспаев, Glovo-ның Қазақстандағы бас директоры:

“Қызметкерлер аптасына 3 күн үйден істейді”

Карим Богуспаев
Фото жеке архивінен

Glovo-ның Қазақстандағы алғашқы жылы пандемия кезіне тура келді. Дегенмен қиындықты еңсеріп, тамақ жеткізу қызметінде нөмірі бірінші болдық. Біз сияқты инновациялық компаниялар кеңсеге байланбаған. Сондықтан карантинге көшу жеңіл өтті. Карантин шектеулері ресми жарияланбай тұрып қызметкерлер қауіпсіздігі үшін қашықтан істейміз деп шешкен едік.

Қазір офлайн режимге оралдық. Дегенмен бәрібір қауіпсіздік нормасын сақтап отырмыз. Кеңсеге қызметкердің бәрі бірдей келмейді. Біразы қашықтан істеп жатыр. Әзірше оларға аптасына 3 күн үйден істуге мүмкіндік бердік. Осылайша, дәстүрлі форматқа көшу жеңілірек өтіп жатыр.

Нұрболат Аманжол, Informburo.kz порталының шеф-редакторы:

“Қиындықтың бәрі уақытша”

Нұрболат Аманжол
Фото жеке архивінен

“Адам жақсы нәрсеге тез бейімделеді. Үйден жұмыс істеп үйреніп қалған қызметкердің кеңседегі жұмысқа оралуға қиналатыны – содан. Дегенмен бұл – жаңа нәрсе емес, жай ғана адамдардың қалыпты жұмыс дағдысына қайта оралуы. Рас, еркін тайм-менеджментке үйреніп қалған адамның жұмысқа кешігіп келуі, жайлы диван емес, кеңсе мүлкіне отырып, өзін жайсызырақ сезінуі байқалады, бірақ мұндай қиындықтың бәрі уақытша.

Дәстүрлі форматқа жеңіл бейімделу үшін әуелі уақытты жоспарлаған абзал. Бұл үшін ерте жату, ұйқыдан ерте тұру маңызды. Оған қоса, қаржы жоспарын да бейімдеу керек. Жол, түскі ас шығыны және кеңседе жұмыс істеу кезінде туындайтын өзге де шығынды жоспарлаған дұрыс. Ал қалғаны уақыт өте келе реттеледі.

Бір жағынан, пандемия жұмыстың онлайн режимде де сапалы жүретінін көрсетті. Басқосуды, жиынды, келіссөздерді онлайн өткізуге болатынын білдік. Бұл тұрғыда ұжым басшылығы бұрынғы жұмыс тәсіліне толық оралмай, жаңа өзгерістердің тиімді элементтерін сақтап қалуы қажет деп есептеймін. Бұл уақытты, қаржыны үнемдейді. Сонымен бірге қажет жағдайда қызметкерге жұмысты қашықтан істеуіне мүмкіндік беріп отыру керек. Әрине, мұндай жағдайда еңбек тиімділігі төмендемейтініне көз жеткізіп алған дұрыс.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)