Тротуарда жүру мәдениетін сақтайсыз ба?

Иллюстрация: Dribbble.com/©Papa Graphics

Жаяу адам тротуармен және жаяу жүргінші жолымен оң жақта жүруі керек. Мұндай жолдар салынбаса не олардың бойымен жүру мүмкін болмаса, жаяу адам велосипед жолының оң жағымен жүре алады. Алайда велосипедшіге кедергі келтірмеу керек.

«Бұл да мүмкін емес» десеңіз, көлік жүретін жолдың жиегімен автомобиль қозғалысына қарсы жүру қажет.

Тротуарда топ адам болып келе жатсаңыз, қарсы шыққан немесе арт жақтан келіп, басып озғысы келетін жүргіншіге кедергі келтірмес үшін бүкіл жолға жайылмай, тротуардың жартысын алып қана жүру керек.

Мопед, велосипед жүргізушілерінің құқығы мен міндеті қандай?

Иллюстрация: Dribbble.com/©Cris

ҚР Жол жүрісі туралы Заңының 57-бабы бойынша мопед пен велосипед жүргiзушiлерiне мынадай іс-әрекет жасау тыйым салынған:

— рульді жіберіп, қолмен ұстамай көлік жүргізу;

— жолаушы тасымалдау;

— ұзындығы немесе енi көлік габаритінен елу сантиметрден артық шығып тұратын немесе басқаруға кедергi келтiретiн жүктi тасымалдау;

— велосипед жолы болған кезде басқа жолмен жүру;

— жаяу жүргінші өткелімен жүру.

Велосипед, мопед айдаушылар мен арбадағы мүгедектігі бар адамдар көлік қозғалысы бағытымен жол жиегінде жүреді.

Жолдан қалай өту керек?

Иллюстрация: Dribbble.com/©Cami

Жаяу жүргіншінің құқықтары мен міндеттері айтылған 56-бап бойынша, адам жолды жаяу жүргінші өткелімен (жерасты және жерүсті өткел де осыған кіреді), көз жетер жерде бұлар болмаса, жол қиылысы арқылы өтуге міндетті. Қиылыс та кездеспесе, жолды кесіп өтуге болады. Әрине, соңғы жағайда көліктің жүрісіне кедергі келтірмеуге тырысу керек. Және жақындап қалған машинаның жоқтығына көз жеткізіңіз. Жолдың жиегіне тоқтап, айналаны толық көрсетпей жауып қалған көліктің тасасынан шыққанда да абай болу қажет.

Көп адам жолдан өтіп бара жатып, музыка тыңдайды, ұялы телефонмен сөйлеседі және әдетте келе жатқан көлікке назар аудармайды. Осы Заңның 54-бабы, 4-9-тармағы бойынша көлік жүргізушісіне көлік құралын басқару кезінде телефонды не радиостанцияны пайдалануға тыйым салынады, алайда, өкінішке қарай, заңда жаяу жүргіншіге жолдан өтерде телефон немесе құлаққап пайдалануға қатысты ештеңе айтылмаған. Сондықтан өзіңіздің және өзгенің қауіпсіздігі үшін жолды кесіп өтерде, жолақтан өтіп бара жатсаңыз да, телефонмен сөйлеспеңіз, құлаққапты шешіңіз. Алдымен жолдан өтіп алыңыз, қалған іс күте тұрады.

Жолдан өтіп бара жатқанда әрдайым абай болыңыз!

  • Екі жақты жолды кесіп өтпес бұрын әуелі солға, ал жолдың ортасына жеткенде оң жаққа қараңыз.
  • Бір бағыттағы жолды кесіп өткен кезде көліктің келе жатқан жағын қараңыз.

«Жол менікі» деп айналаға қарамай алға басып, апатқа ұшырағаннан гөрі, жан-жақты бір шолып барып, өзіне арналған жолмен өтіп кеткен дұрыс.

Лифтіні қолдану этикетін білесіз бе?

Иллюстрация: Dribbble.com/©Anton Fritsler
  • Лифтіге бірінші болып ер адам, сосын әйел кіруі керек деген этикет бар. Ал шығарда есікке кім жақын тұр, сол адам шығуы қажет. Балалар қауіпсіздік үшін ең соңынан кіріп, бірінші шығады. Мегаполистерде әйел, ер немесе үлкен-кіші деп бөліп жатуға уақыт тығыз, сондықтан кірерде де, шығарда да лифтіге жақын тұрған адамның бірінші болғаны дұрыс.
  • Қоғамдық орынның бәріндегідей әуелі лифтідегі адам шығады, сыртта күтіп тұрғандар жарылып, оларға жол береді, сосын барып кіреді.
  • Лифт батырмаларының жанына тұрған екенсіз, басқалар өтініш айтқан қабат нөмірін басуды қоғамдық міндет деп қабылдасаңыз болады. Өтінішті қабақ түймей орындаған дұрыс. Батырманың қасына басқа біреу тұрса, мұны орындар еді.
  • Лифтідегілерге амандасу қажет, бірінші болып оған кірген адам «Сәлеметсіздер ме?» «Қайырлы күн!» деген әдеппен сәлем береді. Лифтіде бір-екі ғана адам болса, олар сәлем алады. Ал көп адам болса, жауап беру міндетті емес немесе есікке жақын тұрғандар сәлем алуына болады.
  • Тыныштық сақтаған дұрыс. Жаныңыздағы танысыңызбен немесе телефонмен сөйлеспеген абзал.
  • Адамдарға арқаңызды беріп тұрмаңыз, бұл этикетке жатпайды. Бала күнімізде ата-анамыз дастарханға теріс отырып тамақ ішпеу керек екенін айтқанынын лифтіге мінгенде де естен шығармаңыз.
  • Лифтідегі адамдарға бажырая қарамаңыз. Бұл ыңғайсыздық тудырады. Лифтіде киіміңіздің о жер, бұ жерін түзеп, макияжды дұрыстап әбігерге түсуге де болмайды.
  • Есікке жақын тұрып қалсаңыз, ал бұл қабаттан түсетін адам сізден кейін тұрса, өткізіп жіберуге дайын болыңыз. Тіпті болмаса, өзіңіз лифтіден шыға тұрып, кейінгі адамдарды өткізіп, қайта кіріңіз. Ал өзіңіз түсетін қабатқа келгенде мәдениетті түрде шығарып жіберуді өтініңіз. Айғайлаудың немесе үндеместен, шығуға ыңғай танытпастан итеріп өтудің қажеті жоқ.
  • Лифтіге жануармен кірсеңіз, оның өзгеге қауіп төндірмейтініне мұқият болыңыз. Толып келе жатқан лифтіге жануармен кірмеген жөн, дұрысы — келесіні күту.
  • Лифт кабинасы үлкен болса, адамдар бір-бірінен кемі 60 сантиметр қашықтықта тұрғаны дұрыс.

Автобуста өзін қалай ұстау керек?

Иллюстрация: Dribbble.com/©tubik.arts
  • Іштегілер шығып біткенше, жанталасып, автобусқа мініп кетуге асықпаңыз.
  • Қарт кісілерге, аяғы ауыр және баласы бар әйелдерге орын беріңіз, мүмкін болса қоғамдық көлікте отырмай-ақ қойған жөн.
  • Телефон не планшетпен видео қарап, музыка тыңдағыңыз келсе, құлаққап деген дүниенің бар екенін естен шығаратынын ұмытпаңыз. Жұрттың тынышын алмаңыз.
  • Қоғамдық көлікте телефонмен сөйлеспеген дұрыс, шаруа тығыз болса, дауысты бәсеңдетіп сөйлеп, әңгімені жылдам аяқтаған жөн. Кешегі құдалықты немесе құрбыңызды өсектейтін жер қоғамдық көлік емес. Алдыңғы пункт есіңізде ғой?
  • Кептеліс уағында автобуста, мүмкін болса, мүлдем шаш жаймаған дұрыс. Ұзын шаш басқаларға кедергі жасап қана қоймайды, адам көп жерде ыстықтатып, мазаңызды қашырады.
  • Ішіңіз қатты пысқан күннің өзінде көршіңіздің телефонына үңілмеуге және қандай кітап оқып жатқанын ежіктеп оқымауға тырысыңыз.
  • Автобусқа алдыңғы есіктен кірсеңіз, ал келесі аялдамадан түспейтін болсаңыз, көліктің ортасына немесе соңына таман жылжыңыз. Алдағы аялдамадан мінетіндерді және түсуге ыңғайланғандарды ойлаңыз.
  • Қоғамдық көлікте тамақ жемеуге және ұйықтамауға тырысыңыз.
  • Қоғамдық көлікте шу шығармаңыз, өзіңізге қатысы жоқ болса, айғайға араласпауға тырысыңыз.
  • Төлем картаңызды автобусыңыздың қарасы көрінгеннен-ақ дайындай беріңіз. Терминал алдында сөмкені қопарып, картасын іздеп, елді күттіріп қоятындардың бірі атанбайсыз.
  • Қоғамдық көліктегі орындықтар жолаушыға арналғанын естен шығармаңыз. Кей автобуста жүк қоятын арнайы орын бар. Ол болмаса, жүгіңізді жерге қойыңыз. Мейірімді жолаушылар әдетте «Сөмкеңізді бере тұрыңыз, ұстап отырайын» деп өздері ұсынады. Сіз де сөйтіңіз.
  • Жол ақысын SMS немесе мобайл қосымшамен төлейтін болсаңыз, смартфоныңыздың заряды таусылып қалмайтынына сенімді болыңыз. Ал телефоныңыз өшіп қалса, төлем картаңыздың кейінгі 6 цифрын жаттап алыңыз. Контроллер кіріп келгенде сол санды айтсаңыз, өз аппаратынан тексеріп алады.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©MPetrovskaya)