Асқар Мамин Энергетика министрлігінің ұжымына жаңа басшыны таныстырды

Асқар Мамин Мағзұм Мырзағалиевтің энергетика саласындағы басшылық қызметтерде атқарған үлкен жұмыс тәжірибесін айтты.

Үкімет басшысының сөзінше, ол бұрғылау инженерінен бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, энергетика вице-министрі лауазымына дейін еңбек жолынан өтті.

2019 жылғы маусымнан бастап экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарды.

Оның энергетика министрі үшін қажетті тәжірибесі мен білімі мол. Мемлекет басшысы министрліктің алдына саланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша үлкен міндеттер қойды. Өңірлерді газбен қамтамасыз ету, мұнай химиясы және мұнай өңдеу саласындағы ірі жобаларды іске асыру, цифрлық технологияларды енгізу, жаңартылатын энергетика мен мұнай-газ машинасын жасауды дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет, — деді Асқар Мамин.

Бүгін, 9 қыркүйекте Мағзұм Мырзағалиев энергетика министрі болып тағайындалды. Оған дейін бұл ведомствоны Нұрлан Ноғаев басқарды. Ол 7 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.