Алматылықтар емхана ауыстыра алады

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Осы жолы алматылықтар 73 бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелуге мүмкіндік алмақ. Оның ішінде 40 емхана мемлекеттік, 33-і – жеке меншік клиникалар.

Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуға тиіс, — дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» кәсімкерлік емес акционерлік қоғамы Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Еске салайық, биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да бұрынғы клиниканың қызметін пайдалана берсе болады.

Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1 700-ден аспауға тиіс.

Сонымен бірге биыл тіркеу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді.

Бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуға тиіс. Олар тіркелу үшін емхананың тіркеу бөліміне барып өтініш жазады.

Тіркеу науқанына Қордың мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен www.fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады.